Жаңалықтар

АСТАНАДА «НАПОЛЕОН. ӨМІР. АҢЫЗ» АТТЫ КӨРМЕ АШЫЛДЫ

нап2

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Француз императоры Наполеон Бонапарттың өмірі мен ерлігіне арналған «Наполеон. Өмір. Аңыз» атты көрме ашылды.

Көрмеге 300-ге жуық жәдігер, оның ішінде өнер туындылары, қолжазбалар мен Наполеон дәуірінің жиһаздары қойылған. Олардың барлығы сол кездегі Францияның шығармашылық, ғылыми және саяси өмір салтынан сыр шертіп, сондай-ақ, француз императоры кезіндегі азаматтық қоғамдағы өзгерістерді көрсетеді.

Көрме Францияның Қазақстандағы жылының қорытынды шарасы ретінде ұйымдастырылып отыр. Ұйымдастырушылар қазақстандық көрерменге Парижден арнайы әкелінген Францияның баға жетпес мәдени қазыналарын тамашалауға мүмкіндік беріп отыр.

«Бұл заттардың барлығы Наполеонның жеке бұйымдары, ол оларды өз қолымен ұстаған, күнделікті өмірінде қолданған. Бұл көрме сонысымен де құнды. Бір өкініштісі оның дауысының жазбасы жоқ. Наполеон тек аңызға айналған тұлға ғана емес, ең бастысы ет пен сүйектен жаратылған қарапайм адам болған», – деп атап өтті Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Франсис Етьен көрменің ашылуына байланысты өткен баспасөз мәслихатында.

«300 жәдігерден тұратын көрме Наполеон қоры, Версаль, Фонтенбло және Мальмезон қаласындағы Наполеонның Жозефинамен тұрған үйі сияқты мұражайлардан жиналған. Біз осы көрменің дәл Астанада ашылғанына өте қуаныштымыз», – деді көрме кураторы, «Наполеон» қорының директоры Тьерри Ленц.

Айта кету керек, көрмені Ұлттық мұражайлар бірлестігі – Үлкен сарай және «Наполеон» қоғамдық қоры Францияның Қазақстандағы Елшілігінің бастамасымен, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Көрме 23 ақпанға дейін созылады. Оған келем деушілерге 21 желтоқсаннан бастап есік ашық.

 

Автор: Әбу-Асқар Мекешұлы
Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button