Қоғам

Астанада Наурыз мейрамы қалай өтеді?

Қазақстанда 14 наурыз күні Наурыз мейрамын тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі басталды. Осы 10 күн ішінде Астанада мерекеге орай 200-ден астам ауқымды іс-шаралар – концерттер, көрмелер, қойылымдар, шығармашылық кештер және т.б. өтеді, деп хабарлайды  astana-akshamy.kz

Қаланың барлық ауданында түрлі мерекелік шаралар өтеді. 21-22 наурызда елорданың қалалық алаңында, «Қазақ елі» және «Бәйтерек» монументтерінің жанында, «Астана Арена» стадионы мен ЭКСПО алаңының аумағында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен негізгі мерекелік концерттер жоспарланып отыр.

Астанада Наурыз мейрамын тойлау аясында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен анимациялық, театрландырылған және концерттік бағдарламалар өтеді. Сахнада Қанат Үмбетов, Абай Бегей, Әлішер Кәрімов, Айдар Байділдин, «Алтын» триосы, «Арт Домбыра» тобы, Мәди Қадыров, Ғалымжан Жолдасбай, Нұркен Якияев, «Меломен» тобы, Жақсыкелді Маясаров, «Қазақия» дуэті, Әйгерім Мамырова, Кеңес Әлімжан, Ғаділбек Жанай, Маржан Арапбаева, Нұрлан мен Мұрат, Асхат Тарғын, Айгүл Иманбаева, «Алтын» этно ансамблі, ДиАрт тобы, «Бәйтерек», Ернар Жұматаев және т.б. сынды эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.

Есіл ауданында мерекелік іс-шаралар мына орындарда өтеді:
– 22 наурыз күні сағат 13:00-де «Бәйтерек» монументінде концерт қойылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді, мұнда қолөнер жәрмеңкесі мен мерекелік сауда ұйымдастырылады;
– 21 наурыз күні сағат 14:00-де және 22 наурызда 13:00-де ЭКСПО аумағында концерттік бағдарлама, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер жәрмеңкесі, мерекелік сауда-саттық өтеді.

Сарыарқа ауданында:
Мерекелік іс-шаралар қалалық алаңда 21-22 наурыз күндері сағат 11:00-де басталады. Мерекелік шара барысында сегіз киіз үй тігіліп, елорда қонақтары қолөнермен танысып, ұлттық тағамдар сатылатын, сол сияқты дәстүрлі бұйымдар жәрмеңкесін тамашалайды. Алаңда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, елордалық өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерт өтеді.
Сондай-ақ, 22 наурыз күні сағат 11:00-де «Қазақ күресінен» қала тұрғындары арасында біріншілік өтеді. Білекті балуандар мен жеңімпаздар үшін бағалы сыйлықтар бар.

Байқоңыр ауданында мына орындар белгіленді:
21-22 наурызда сағат 13:00-ден бастап Ататүрік саябағына келушілер мерекелік концерттік бағдарламаларды тамашалап, ұлттық спорт түрлерінен: қазақ күресі, арқан тарту, гір көтеру, асық ату, қой көтеру, т.б. жарыстарға қатыса алады.
Сондай-ақ, арнайы «Әз-Наурыз» фотоаймақ ұйымдастырылады.
Дәл осындай бағдарлама 21 наурыз күні сағат 12:00-де Жазушылар аллеясында (Абай даңғылы мен Сембинова көшесінің қиылысы) өтеді.

Сарайшық ауданында:
21 және 22 наурыз күндері сағат 13:00-ден бастап «Қазақ елі» монументі жанындағы алаңда концерттік бағдарлама, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер жәрмеңкесі, мерекелік сауда өтеді.

Алматы ауданында мерекелік іс-шаралар мына орындарда өтеді:
– 21-22 наурызда сағат 11:00-де Тәуелсіздік даңғылының бойындағы әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының аумағында концерт пен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады, мұнда қолөнер жәрмеңкесі мен мерекелік сауда өтеді, сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрді көрсететін көріністер ұйымдастырылады;
– 22 наурыз күні сағат 11:00-ден бастап SANA спорт кешенінің аумағында, «Күйшілер» аллеясында, «Алма» гүлзары, Р.Қошқарбаев даңғылы, 80/1, «Достық үйінің» алаңында концерттік бағдарлама, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер жәрмеңкесі және мерекелік сауда-саттық өтеді.

Нұра ауданында мереке 20 наурызда басталады. Осы күні және 22 наурызға дейін сағат 12:00-ден бастап «Астана Арена» стадионы алдындағы алаңда ұлттық нақышта киіз үйлер тігіліп, қолөнершілердің сауда орындары ашылады, сол сияқты концерттік бағдарлама өтеді. Мұнда ұлттық спорт түрлерінен де жарыстар өтеді. Естелік фотосуретке түсу үшін бүркітшілер, тазылар, түйелер мен жылқылар, тақырыптық фотоаймақтар болады. Сондай-ақ этникалық стильдегі картиналар да көрмеге қойылады.
Тұрғындар 22 наурыз күні сағат 12:00-ден бастап өзбек, түрікмен, тәжік, қырғыз палауы мен ұлттық сусындарды сатып ала алады. Бұл күні «Хан Шатыр» сауда орталығына қарама-қарсы орналасқан «Ғашықтар» саябағында 4 елдің елшілігі ұлттық стильде киіз үйлерін тігіп, астаналықтарды өз мәдениетіндегі Наурыз мерекесін тойлаудың ерекшелігімен таныстырады.

Назар аударарлық тағы бір орын Жағалау шағын ауданындағы (Сығанақ көшесі, 1) саябақ болмақ, онда 22 наурыз күні сағат 12:00-ден бастап бүкіл отбасы үшін байқаулар, концерттік бағдарлама және ойын-сауықпен бірге ауқымды гастрономиялық фестиваль өтеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button