Астанада өнеркәсіп өркендеп келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биыл қыркүйек айында Қазақстан халқына жасаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында экономиканы әртараптандыру және басым салалардағы инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндеі тапсырма берген болатын, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
ЖІӨ 4,4% өсім көрсетті
Өз сөзінде Президент: «Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр. Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру», – деді.
Осы ретте Үкіметтің экономикалық белсенділікті ынталандыру бойынша қабылдап жатқан шаралар нәтижесінде шикізаттық емес сектор қозғаушы күшке ие болып отыр. Экономикалық өсімнің 70%-дан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс есебінен қалыптасқан. Осылайша 11 айдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 4,4%-ға өскен. Соның ішінде ауыл шаруашылығы – 13,4%, құрылыс – 10,3%, сауда-саттық – 8,2%, көлік пен қоймалау – 8,1%, өңдеу өнеркәсібі – 5,3% артқан. Сондай-ақ ақпарат және байланыс, электр энергетикасы салаларында да оң серпін бар. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,1%-ға артып, 15,8 трлн теңгеге жетті.
Астана көшбасшылар қатарында
Өңірлердегі жағдай бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің көшбасшылары – Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары мен Астана, Шымкент қалалары. Ең төмен көрсеткіштер Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ұлытау облыстарында тіркелген. Үкімет басшысы аталған өңір әкімдеріне қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін тиісті іс-шаралар қабылдауды тапсырып отыр. Бұл туралы Премьер-министрінің төрағалығымен осы аптада өткен Үкімет отырысында айтылды. Жиында 2024 жылғы қаңтар-қарашадағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралды. Премьер-министр экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бағытында белсенді шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
«Бізде инвестициялық дамудың айқын бағыты бар. Бірақ инвестиция тарту – міндеттің жартысы ғана. Маңызды міндет – жобаларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді шешу мен олардың табысты іске асырылуын қамтамасыз ету. Сыртқы істер және Ұлттық экономика министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмысын күшейтуді тапсырамын. Инвесторлардың проблемаларын бірден реттеп, шешімін табу керек. Сондай-ақ әкімдіктерге қордаланған мәселелерді жүйелі түрде өңірлік Инвестициялық штабтарда қарап отыруды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Инвестиция мен қосымша құны жоғары өндірістерді тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Әкімдіктер тарапынан қажетті қаржыландыруға жеткілікті көңіл бөлінбейді, осыған байланысты өңірлер бюджетті қалыптастыру кезінде өнеркәсіптік алаңдардың инфрақұрылымын салуға қаражат бөлінуін ескеруі тапсырылды. Сонымен қатар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыру үшін тың тәсілдер қажет. Бағдарламалық құжаттардың орындалу барысын жүйелі үйлестіруді қамтамасыз ету маңызды – тиісті тапсырма Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа берілді.
Елордада өнеркәсіп 7%-ға артты
Премьер-министр Олжас Бектенов таяуда Астана қаласы кәсіпорындарында металлургия, жеңіл және құрылыс өнеркәсібі, автомобиль және теміржол машинасын жасау салаларының дамуымен танысты. Индустриялық парк аумағында Үкімет басшысына Астананың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндалды. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Астананың жалпы өнеркәсіп өнімі көлемі 5,5 трлн теңгеге жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 7%-ға асып түскенін хабарлады. Жалпы өңірлік өнім құрылымында шағын және орта бизнестің үлесі 72%-ды құрайды. Биылғы 10 айда Астанаға шамамен 1,3 трлн теңге инвестиция тартылды, бұл ретте өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 7%-ға өсті.
Премьер-министр «Digital System Service» ЖШС зауытының өндірістік цехтарын аралап көрді. Олжас Бектенов импортқа тәуелділікті азайту және жоғары технологиялық өнімнің экспортын ұлғайту мақсатында жағдай жасау үшін мұндай өндірістердің маңызын атап өтті. Қазіргі уақытта Digital System Service тауарлар желісі Қазақстан нарығында кеңінен ұсынылған. Компанияның даму жоспарында шетелдік нарыққа шығу қарастырылған, оның ішінде Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Араб елдері бар.
Одан соң Үкімет басшысы Америкалық Wabtec компаниясының инвестициялық жобасы арқылы теміржол машинасын жасау саласының дамуымен танысты. «Локомотив құрастыру зауыты» магистральдық тепловоздарды құрастыру кәсіпорны жылына 120 бірлікке дейін шығарады. Өндіріс басталғаннан бері барлығы 611 локомотив жиналды. Премьер-министр темір жол машинасын жасауды дамытуға, жаңа өндірістік және сервистік объектілерді құруға инвестициялардың өсуінің оң үрдістерін атап өтті. Мұндай жобаларды іске асыру Мемлекет басшысының алға қойған міндетіне сәйкес Қазақстанның көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптасуына ықпал етеді.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов «Ashina KZ» ЖШС тігін фабрикасында болып, жеңіл өнеркәсіптің дамуымен, «Тау-Кен Алтын» ЖШС аффинаж зауытында болып, бағалы металл өндірісімен танысты.
Сөз соңында жалпы биыл ел экономикасы айтарлықтай тұрақты өсім көрсеткенін тағы да атай кеткен жөн. Бұл өсім мұнайдан тыс сектордың қарқынды дамуының нәтижесінде жүзеге асып, әртараптандыру саясаты жеміс бере бастағанын аңғартады. Несиелік рейтингтің жоғарылауы мен инвестициялардың артуы халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің дамуына бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және оңтайландыру арқылы бизнес климатқа және әрі қарай да инвестиция тартуға оң ықпал етуде. Экономикалық тұрақтылықты одан әрі нығайту Үкіметтің басым бағыттарының бірі болып қала береді.