Астанада Олимпиада чемпиондары мен бапкерлеріне қанша сыйақы беріледі?
Астана қаласының әкімдігі Париждегі Олимпиада ойындарында чемпион атанған елордалықтарды қандай марапат күтіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Халықаралық жарыстарда жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізгені үшін спортшыларға Астана қаласы әкімінің мынадай сыйлығы көзделген: Бірінші орын үшін жарысқа қатысушы 750 АЕК (2,7 млн теңге), екінші орын үшін – 600 АЕК (2,2 млн теңге) және үшінші орын үшін – 450 АЕК (1,6 млн теңге) мөлшерінде сыйлықақы алады.
Сондай-ақ, спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына Олимпиадада ұлттық құрама сапында сайысқа түскені үшін ай сайынғы төлемдер төленді: бірінші орын – 250 АЕК-ке дейін (923 мың теңге), екінші орын – 200 АЕК-ке дейін (738 мың теңге), үшінші орын – 150 АЕК-ке дейін (553 мың теңге), төртінші орын – 90 АЕК-ке дейін (332 мың теңге), бесінші орын – 70 АЕК-ке дейін (258 мың теңге), алтыншы – 60 АЕК-ке дейін (221 мың теңге).
Әкімдік жауабында пәтерлер мен автокөлік беру жөнінде сөз болмаған. Бұл ретте Заң бойынша Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне коммуналдық тұрғын үй қорынан өтеусіз негізде тұрғын үй беріледі: алтын медаль иегері үшін – үш бөлмелі пәтер, күміс – екі бөлмелі және қола үшін – бір бөлмелі тұрғын үй. Медальдар санына қарамастан, баспана тек бір рет беріледі.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасына Астана қаласынан 12 спортшы 7 спорт түрінен 13 лицензия жеңіп алған. Оның ішінде теннис, бокс, жүзу, бессайыс, үстел теннисі, спорттық өрмелеу бар.