Астанада қанша мектеп салынады?

Жаңа оқу жылында елордада 15 мектеп салынады. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Біздің басым міндеттеріміздің бірі – әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Олар – оқу орындарының, медициналық мекемелердің, балабақшалардың, студенттерге арналған жатақханалардың, Оқушылар сарайларының, қоғамдық кеңістіктердің (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар), аулалардың және тағы басқалардың құрылысы. Мәселен, мектеп туралы айтар болсақ, 2024 жылы білім ошағын 12,5 мыңнан астам оқушы тәмамдады. Ал сол уақытта 1-сыныпқа 28,5 мыңнан астам бала барды. 1-сынып оқушыларының саны түлектер санынан 2 еседен асып түседі. Тиісінше қалада жыл сайын мектептер салу қажет» деп түсіндірді әкім.
Жеңіс Қасымбек қаланы аралау барысында М.Төлебаев пен Бурабай, Ш.Құдайбердіұлы даңғылы мен І.Жансүгіров көшелерінің қиылыстарында, сол сияқты Егемен Қазақстан, А.Иманов көшелерінде орналасқан бірқатар мектептің құрылыс барысымен танысты.
«Өздеріңіз білетіндей, осы оқу жылының басынан бері 24 оқу орнын салып, қолданысқа бердік. Бұл – елорда үшін рекорд. Аталған мектептер екі ауысымда 66 мыңға жуық оқушы орнын ашуға мүмкіндік берді. 24 оқу орнының 16-сы – жайлы мектеп. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа форматта 24 мектеп салынады. Бұл жайлы мектептер екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Жаңа оқу жылында тағы 15 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Оқу орындарының құрылысына да жеке қаражат тартамыз» деді қала басшысы.
Әкім сондай-ақ жыл сайын педагог мамандығына гранттар бөле отырып, кадрлар даярлау жұмысы туралы айтты.
«Қазіргі уақытта қала әкімдігінің гранты бойынша жоғары оқу орындарында 2200-ге жуық адам білім алып жүр» деді Жеңіс Қасымбек.