Қоғам

Қорғаншылық органдары қалай жұмыс істейді?

Елордадағы интернат мекемелеріндегі балалар саны соңғы үш жылда 35 пайызға азайған. Бұл көрсеткіштерге жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларға орналастырудың баламалы тәсілдерін дамыту бойынша жүйелі жұмыстың арқасында қол жеткізілді. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев жан-жақты айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Қазіргі таңда елордада 800-ден астам жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрады, олардың 170-ке жуығы – интернат мекемелерінде.

«Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен өмірлік қиын жағдайдағы балаларды анықтау ведомствоаралық өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асырылады. Мұндай жағдайлар туралы білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, атап айтқанда, үйде қызмет көрсету қызметтері, полиция инспекторлары және жеке тұлғалар қорғаншылық және қамқоршылық органына хабарлайды. 2024 жылы Астанада 230-ға жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала анықталып, есепке алынды. Анықталған балалардың 85 пайызы патронаттық отбасыларға берілді», – деді Қасымхан Сенғазыев.

Ол жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасыларға орналастырудың баламалы тәсілдерін дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Соның арқасында жыл сайын отбасыларға берілетін балалар саны артып келеді.

«Нәтижесінде интернаттардағы балалар санының азаюының тұрақты үрдісі байқалады. Үш жылдың ішінде олардың саны 35%-ға қысқарды», – деді басқарма басшысы.

Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының мамандары балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында күнделікті сот процестеріне қатысады.

Мәселен, өткен жылы 1300-ден астам осындай сот процестері өтті. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта мамандар балаларды тәрбиелеуге, асырап алуға, қарым-қатынас тәртібін айқындауға, балалардың тұрғылықты жеріне, ата-ана құқығынан айыруға және шектеуге, балаларды іріктеп алуға байланысты мәселелер бойынша, басқа соттарда (қылмыстық, экономикалық, әскери, азаматтық істер бойынша ауданаралық, апелляциялық сатыдағы, әкімшілік) мәселелер бойынша отырыстарға қатысады, онда кәмелетке толмағандардың мүдделері қозғалады.

Атап өтерлігі, заңнамада балалармен қарым-қатынас жасау тәртібіне қатысты ата-аналар арасындағы дауларды сотқа дейін шешу қарастырылған. Осылайша, өткен жылы қорғаншылық және қамқоршылық органы бөлек тұратын ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас тәртібі туралы 400-ден астам қаулы шығарды.

2024 жылы қорғаншылық және қамқоршылық органының мамандары жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және өмірлік қиын жағдайға тап болған балалардың тұрмыс жағдайын тексеру үшін 1200-ден астам аралау жүргізді.

Бұл ретте бір жыл ішінде 10 мыңнан астам өтініш қаралды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button