Астанада Swissair ұшағы шұғыл қонды
ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Токиодан Цюрихке бағыт алған әуе рейсінің елорда әуежайына шұғыл қонуы және ұшақта жолаушылардың бірінің инсульт алуы оқиғасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Оның айтуынша, осы рейспен сапарлаған жолаушылар басқа ұшақпен Швейцариға жеткізілген. Сонымен қатар елорда әуежайында тұрып қалған Swissair ұшағына тексеріліп, кері қайтарылған.
«Бұл оқиға бойынша тексеруді ұшақ тіркеуде тұрған мемлекет – Швейцария жағы жүзеге асырады. Оның нәтижесін кейіннен жариялаймыз», – деді Т. Ластаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ ол науқас жолаушы реанимацияда жатқанын нақтылады.
Еске сала кетейік, 17 тамызда елорда әуежайынан барлық рейс уақытша тоқтатылып, әуежай екі сағатқа жабылған еді. Оған себеп 50 жастағы жолаушы инсульт алған, сосын әуе экипажы елорда әуежайына қонуға шешім қабылдаған.
Осыдан кейін астаналық дәрігерлер ұшақта инсульт алған Жапония азаматының өмірі үшін күресіп жатқанын жазған едік.
Сурет: Максат Шагырбаев/ Kazinform