Астанада түрік фильмдері апталығы өтеді

13-18 қараша аралығында Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы «Астанада түрік фильмдері аптасы» атты шара өткізеді. Шара Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі кинематография басқармасының қолдауымен Түркия Республикасының 100 жылдығына орай ұйымдастырылады. Түрік фильмдері аптасы бауырлас екі ел арасындағы мәдени байланыстың одан әрі нығая түсуіне, рухани өзара алмасуына үлес қосу мақсатында өткізілмекші. Апталық аясында қала тұрғындары мен қонақтары тарихи, романтикалық және шытырман драма толы алты үздік түрік кино туындысын ақысыз тамашалай алады. Олардың арасында «Көбелектің түсі», «120», «Ұзақ хикая», «Ертұғырыл 1890», «Соңғы хат» және «Қызыл орамалды шынарым» сияқты фильмдер бар.
Бүгінгі күні жалпы түрік кино индустрия саласы өте қарқынды дамыған. Осы орайда Голливуд пен Болливудтан кейін ең көп картина Түркияда түсірілетінін атап өтуге болады. Алғашқы түрік фильмі 1914 жылы түсірілді. Фуат Узкынайдың «Сан-Стефано ескерткішінің қирауы» (1914) фильмі Түркиядағы кино өнерінің алғашқы туындысы болып саналады. Кино индустриясы жыл сайын өсіп келе жатқан Түркияда жыл сайын 70-ке жуық фильм түсіріледі. 1953 жылы режиссер Мухсин Эртугрулдың «Halıcı Kız» атты фильмі – түрік кинематографиясы тарихындағы тұңғыш толықметражды түрлі-түсті және демеушілік қолдаумен түсірілген картина.
Шара шымылдығын «Көбелектің түсі» атты картина ашады. Фильмнің продюсері – Нежати Акпынар, режиссері әрі сценаристі- Йылмаз Ердоған. Аталған фильмнің басты рольдерін Қазақстандық көрермен жақыннан танитын Кыванч Татлытуг, Йылмаз Ердоған, Мерт Фырат, Белчин Билгин мен Фарах Зейнеп Абдуллах сомдайды. Фильмде 1941 жылдары болған оқиғалар баяндалады. Екі жас ақын Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услу II. Дүниежүзілік соғыста да ауыртпашылыққа қарамастан, өз орталарында поэзияны насихаттап, әдебиетке деген халықтың қызығушылығын туғызу үшін жандарын салады. Аптаның екінші күнінде көрсетілетін «120» фильмі 2008 жылы түсірілген, режиссері әрі сценаристі – Өзхан Ерен. Фильм Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ванда болған шынайы тарихи оқиғаны баяндайды. 15 қарашада көрермендер түрік жазушысы Мұстафа Кутлуның шығармасы негізге алып түсірілген «Ұзақ хикая» фильмін тамашалай алады. Басты рольді Қазақстандық көрерменнің көзайымы Кенан Имирзалыоглу сомдайды. Ал «Соңғы хат» 2015 жылы Чанаккале Жеңісінің 100 жылдығына орай түсірілген, миллиондаған көрермен тамашалаған, ең үздік түрік картиналары қатарында орын алады.
Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» повестіне Али Өзгентүрк жазған сценарий бойынша режиссер Атыф Йылмаз түсірген картинамен түркі киносымен түрік фильмінің апталығын аяқталады.
«Астанада түрік фильмдері аптасы» аясында орысша субтитрмен көрсетілетін фильмдерді қала қонақтары ақысыз тамашалай алады.
Өтетін орны: Достық көшесі 9, Керуен ОСО, Kinopark7 IMAX Keruen, 1 зал Байланыс: + 7 777 533 91 30