Басты ақпарат

Астанада тұру арзан емес…

Қарап отырсам, елордаға келгелі он жылға жуық уақыт өтіпті. Өзімді астаналықпын деп айтуға бола ма білмеймін. Дегенмен, қазақы санамызда өз үйіңнен кіріп-шықпасаң, сол жердің тұрғынындай сезінбейсің. Десе де, бұл маңызды емес. Осы жылдары елорда ақпарат кеңістігінің бір пұшпағын илеп жүрсем, онда астаналық болғаным деп есептеймін. Егер солай болса, астанада тұру шығынын да есептеп, оның арзан қала еместігін айтқым келеді.

Қалай болғанда да, тек жалақыға қарап қалмай қосымша қаражат көзін таппаса, жай жүрген адам бас қалаға сыймайды. Сөзімнің дәлелі үшін осы жылдардағы қалада тұрудың қаражат шығынын есептеп, тәжірибеммен бөліспекпін.
Бас қалада баспана – ең басты мәселе. Меншігіңіз болмаса, оны жалға алып тұру да жеңіл емес. Орта шамамен елорданың әр шаршы метрі 2 мың мен 3 мыңның ортасында шарықтайды. Бір үйде бірнеше адаммен бірге қосылып төлеп жалдау – тиімді шешім. Алайда жастар болмаса, оның да қолайсыз жақтары көп. Ескі қалада, оның ішінде бес қабатты «хрущевкаларда» үй жалдау біршама арзанға түседі. Бірақ ол үйге жөндеу жүргізілмесе, жылыту құбырлары ауыстырылмаса, қысқасы суықта жайыңыз бола қоймайды. Онда да қаланың шетінен орталығына жақындаған сайын бағасы өседі. Дегенмен, 100 мыңның айналасында орталықтан қолайлы пәтер табылса, жолыңыздың болғаны.
Осы «жүздің» ішінде коммуналды төлемдеріңіз кірсе, өте жақсы. Алайда оның бағасы қысқа қарай 15 мыңға жетіп, жазда арзандайды. Бұған қоса домофон, лифт, интернет сияқты қажеттіліктер қосылып, біршама қалтаңызды қағады.
Негізі, өзім жаяу жүріп үйренгенмін. Бір сағаттың айналасында жұмысқа жетесің. Асықсаң, одан да ертерек жетуге болады. Енді мына арифметиканы талдайық. Бес күндік жұмыс күніңіз болса, төрт жарым апталықтың жолақысын есептелік. 3960 теңге. Демалыс күндері автобуспен шыға қалсаңыз, оның есебін өзіңіз білесіз. Соңғы кездері таксиге бес жүз теңге ақша болмай қалды. Қаланың бір шеті екінші шетінен аса қашық болмаса да 1000-нан кем алмайды.
Ас – адамның арқауы. Алғашқы жылдары түстенетін жер іздеп сабылушы едік. Қазір аяқ басқан сайын асхана да ашылып жақсы болып қалды. Таңдасаңыз, 1500 теңгеге талғап тамақ жейсіз. Үнемдегіңіз келсе, үйден жасап алып келіңіз. Осымен бұл мәселені әрі қарай ағытпайық. Ал нан мен сүттің, ет пен майдың бағасы оқырманға мәлім. Дегенмен, түстік астың ең арзаны деп 800 теңгені аптаның бес күніне есептесек, 18000 мыңға кетіп қалады. Жақсысы, ауыл шаруа­шылық өнімдерінің жәрмеңкелері жиі өтіп тұрады. Іздеп шықсаңыз, қаланың базарларында жақсы бағамен сапалы азықты алуға болады. «Алайда аздың ашпын, көптің тоқпын дегеніне сенбе» деген сөз бар. Яғни отбасындағы адамдардың санына қарай әртүрлі шаманы межелейсіз.
Одан басқа жеке басыңызға қажетті, сабын-порошок сияқты ұсақ-түйекті қосыңыз. Шаштараз және монша тағы бар. Киім әркім өзінің жайына қарай шешеді. Сол себепті мұны да ортақ есепке алмайық.
Астанада жүріп, болып жатқан концерттерге, спектакльдер мен басқа да мерекелік шараларға бармай қалай отырасыз? Кино, концерттерге ең арзан билет 2000 мың деп алалық. Аптасына бармасаңыз да, айына сәті түсіп жатады. Оны да жалақыдан шегеріңіз. Спорт залдары, тіл курстары, би сияқты жаныңызға жағатын нәрселерге менің жасымдағылар сирек барады. Алайда барғыңыз келсе, бұл да айына 15-20 мыңның айналасында ақша жұмсайсыз. Араласатын жолдастардың туған күндері, ағайындардың той-қазасы, тағы басқасын есептегенде қомақты ақша тағы шығады.
Сонда жалақыдан не қалады? Тым болмағанда айына 200 мың теңге түсіп тұрғанның өзінде келесі айдың жалақысына дейін ештеңе артылдыра алмайсыз.
Статистика бойынша астаналықтардың орташа жалақысы 267 766 теңгені құрайды екен. Оның 20 пайызы – салықтық өтемдері. Егер баспаналы болғыңыз келсе, оның алғашқы жарнасын жинау үшін айына 100 мыңдап депозитке салып отыру керек. Бұл көбімізге қолжетімді ме?!
Қорыта айтқанда, Нұр-Сұлтанда тұрамыз деген ұғым көптің арманында басқаша елестемеуі тиіс. Егер орта айлық табысыңыз 400-500 мыңнан айналмаса, онда мен сияқты көптеген астаналықтар кедейліктің шегінде өмір сүріп жатыр деп айтуға болады. Бірақ осы «кедейлік» әсем қаланың төсінде көп адамға арман екенін айтқан да жөн болар. Он жылдан бергі атқарған жұмыстарымызды есептей келе бас қаламыз – ерік-жігері бар, таланты бар, қоғамға қосып-алары барлар үшін – үлкен мүмкіндік. Өзіңізге сенсеңіз, үлкен қалаға келіңіз, бағыңыз­ды сынаңыз.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button