Астанада виртуалды платформада курсанттар сайысы өтті
Алғаш рет қазақстандық «Геотактика» үдеткішінің платформасында азаматтық жоғары оқу орындары әскери кафедраларының студенттері, Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындары мен колледждерінің курсанттары арасында әскери-тактикалық жарыстар өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Astana IT университетінің базасында ұйымдастырылған жедел штабта Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева 23 команданың іс-әрекетін қадағалап, бақылады.
Қорғаныс ведомствосының өкілі мамандарды оқытуда жаңа технологиялардың маңыздылығын атап өтті. Ол жарысқа қатысушыларға алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін командалық жұмыстың табысты болуын тіледі.
– «Геотактика» үдеткіші әскери істің негіздерін, ұрыс тактикасын игеруге мүмкіндік береді, әртүрлі қару-жарақ түрлерін, сондай-ақ ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды басқаруды үйретеді. Сонымен қатар, бұл виртуалды шолу көзілдірігінің көмегімен компьютердегі аудиторияда жасалады. Одан бөлек «Геотактика» компьютерлік бағдарламасын пайдалана отырып әскери-тактикалық жарыстар кеңестік кеңістіктегі елдер арасында алғаш рет өткізіліп отырғанын және бұл отандық бағдарламашылардың әзірлемесі екенін атап өткім келеді, – деді А.Төлембаева.
Виртуалды полигондағы дистанциялық жарыстар екі кезеңде өтті. Іріктеу турында қатысушылар әскери топография және атыс дайындығы бойынша жаттығуларды орындады. Финалға сегіз команда шықты, олар турнирді playoff форматында жалғастырды. Конкурсқа қатысушылар елді мекенді қорғау, шабуылдау және тазарту жөніндегі сценарийлерді пысықтай отырып, ұрыс тактикасында бағын сынасты.
Киберқауіпсіздік циклі бойынша әскери кафедрада оқитын Astana IT University 3 курс студенті Алмас Мағзұмов жарыстан алған әсері жайлы былай деді:
– Біз ақпараттық қауіпсіздік негіздерін, ақпаратты қорғау әдіс-тәсілдерін, шифрлау әдістемесін және т.б. зерделейміз. «Геотактика» бағдарламалық жасақтамасы теориялық білімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Тапсырмалар әр түрлі деңгейде болды. Олар нақты ұрыс қимылдарын имитациялайтын ортаға енуге мүмкіндік берді. Мұндай жаттығу оқу материалдарын тез игеруге мүмкіндік береді, – деді сайыскер.
«Финист» компаниясының басшысы Денис Зиновьев 2023 жылы қорғаныс саласындағы Defence Tech Battle стартаптар байқауында үздік инновациялық технология деп танылған үш өлшемді «Геотактика» тренажерінің мақсаты мен мүмкіндіктерін түсіндіріп өтті.
– «Геотактика» үдеткіші әскери білім беру процесін кезең-кезеңімен цифрландыруға бағытталған. Бұл жаттығу құрылғысы әскери кафедралардың студенттеріне тәжірибеге бағытталған дағдыларды үйретеді. Бүгінгі таңда бағдарлама топография, атысқа дайындық және тактика бойынша сабақтар өткізуге, джостиктер мен виртуалды шындық көзілдіріктерін қолдана отырып, ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды басқаруға мүмкіндік береді, – деді Д.Зиновьев.
Әзірлеме халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің, Торайғыров университетінің, Satbayev University, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің, Astana IT University және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әскери кафедраларында нәтижелі қолданылып жүр.
Әскери-тактикалық жарыстың қорытындысы бойынша үздік командалар анықталды. Олар ойын шарттары бойынша қала ішінде ұрыс жүргізді.
Satbayev University әскери кафедрасының командасына үйлесімді және тиімді әрекеттері үшін бірінші орын берілді. Екінші орынды Торайғыров университетінің студенттері еншіледі. Үшінші орын Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттарына бұйырды.
Әскери-тактикалық ойынның белгілі бір кезеңдеріндегі үздік көрсеткіштері үшін Щучинск қ. Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігі әскери колледжінің, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының командаларына номинациялар берілді.
Жарысқа қатысушылар тәжірибе құнды жинап қана қоймай, Қорғаныс министрінің орынбасарынан алғыс хаттар алды.