Астанада «WALK THE TALK» жаппай жарысы өтті

Астанада ботаникалық бақта Дүниежүзілік денсаулық күніне және ТМҰ-ға қатысушы елдердің денсаулық сақтау министрлерінің V-ші кездесуіне арналған «Walk the Talk» жаппай жарысы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
ДДСҰ 2025 жылды аналар мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтау жылы деп жариялайтынын айта кетейік. Осыған байланысты елдердің үкіметтері мен денсаулық сақтау саласындағы әлемдік қоғамдастықты алдын алуға болатын ана мен бала өлімін жою жөніндегі күш-жігерді жандандыруға және жалпы әйелдердің денсаулығы мен әл-ауқатына басымдық беруге шақырды.
Студенттерге Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ДДСҰ ҰББ өңірлік директоры доктор Ханс Клюге, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары құттықтау сөз сөйледі.
«Бүгін, бүкіл әлем денсаулық туының астында біріккен күні, біз өзіміздің әл-ауқатымыз және өзіміз бен балаларымыз үшін құрып жатқан болашағымызға жауапкершілігімізді еске салатын маңызды оқиғаның бір бөлігі боламыз. «Саламатты бастама, сенімді болашақ» тақырыбында өтетін Дүниежүзілік денсаулық күні — 2025 бізді белсенді, саламатты өмірге жаңа қадамдар жасауға шабыттандырады», – деді А.Әлназарова.
«Қазақстан бүкіл әлемге ана мен бала денсаулығын медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығына қоя отырып, болашаққа инвестиция салудың нені білдіретінін көрсетіп отыр. Жалпы практика дәрігерлері мен мейіргерлерден басқа психологтар, әлеуметтік қызметкерлер және патронаждық мейіргерлер кіретін МСАК-тың мықты мультидисциплиналық командаларының арқасында Қазақстан өмір бойы денсаулық пен әл-ауқат үшін негіз қалайды. Бұл командалар жүктілік кезінде аналарға қолдау көрсетеді және денсаулықтың әлеуметтік және эмоционалдық аспектілерін ескере отырып, бала өмірінің маңызды алғашқы жылдарында отбасылармен бірге жүреді», — деп қосты ДДСҰ Еуропалық медициналық алғашқы көмек орталығының жетекшісі доктор Мелитта Якаб.
Іс-шараға елордалық денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері, Астана медицина университетінің студенттері, түрлі спорт түрлері бойынша олимпиада чемпиондары және белсенді өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары қатысты.
Қатысушылар 1,5 және 3 км қашықтықты жүгірді.
Іс-шараны ДДСҰ елдік офисінің қолдауымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Астана медицина университеті ұйымдастырды.