Астанада «Учаске» жедел-профилактикалық шарасы өтуде
Биыл елордада 16 қыркүйек пен 15 желтоқсан аралығында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы кең көлемде өтіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, халықпен тығыз байланыс орнату және учаскелік полиция инспекторларын тануын арттыру, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Учаскелік инспекторлармен тікелей байланыс
Іс-шара аясында пәтерлер мен аулаларды аралауға ерекше назар аударылады. Бұл халықтың өз учаскелік инспекторларымен танысуына және полиция мен тұрғындар арасындағы тікелей байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
«Біз әр тұрғын өз учаскелік инспекторын біліп, қажет болған жағдайда оған жүгіне алатындай жағдай жасауға тырысамыз», – деп атап өтті Астана қаласының Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Әділбеков.
Профилактикалық шара басталғаннан бері полиция қызметкерлері 380 мыңнан астам пәтер мен 28 мың жеке тұрғын үйді аралап шықты.
Жалға берілетін тұрғын үйлер мен сауда орындарына бақылау
Полиция қызметкерлері жалға берілетін тұрғын үйлерді тексеруге ерекше назар аударуда. Анықталған жалдамалы пәтерлер туралы ақпарат салық заңнамасының сақталуын тексеру үшін мемлекеттік кіріс органдарына беріледі. Сонымен қатар, іс-шара аясында сауда орындары, соның ішінде қолданыста болған тауарлар сатылатын нысандарына тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қару иелерін бақылау және құқықбұзушылықтың алдын алу
Азаматтық қару иелерімен белсенді жұмыс жүргізілуде. Шамамен 400-ге жуық құқықбұзушылық дерегі анықталып, 144 атыс қаруы тәркіленді. Ішкі істер органдарында профилактикалық есепте тұрған адамдар да қосымша тексерілуде. Бүгінгі күнге дейін сот белгілеген тыйымдар мен шектеулерді бұзудың 64 фактісі анықталып, 19 есепте тұрған тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Вандализммен күрес: заң бұзушылықтарға нөлдік төзімділік
«Нөлдік төзімділік» қағидаты шеңберінде іске асырылатын вандализмнің жолын кесу жөніндегі жұмыс жандандырылды. Осы жылдың наурыз айында Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауапкершілікті белгілейтін 147-1-бап енгізілген. Жыл басынан бері осы бап бойынша 338 адам жауапқа тартылып, олардың 125-і әкімшілік қамауға алынса, 177-іне айыппұл салынған. Ұсақ бұзақылық фактілері бойынша 2 071 адам жауапқа тартылды: 628 адам қамауға алынып, 1 220 адамға айыппұл салынды.
Рейдтік іс-шаралар
Полиция қалалық инфрақұрылым мен ортақ меншікке келтірілген зиянды анықтау мақсатында арнайы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырады. Жыл басынан бері 1 000-нан астам осындай іс-шара өткен. «Біз кез келген заң бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидасын ұстанамыз. Бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, тұрақты бақылауда», – деді Ержан Әділбеков.
Полиция жұмысының нәтижелері
Учаске» жедел-профилактикалық шарасы аясында 24 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Астанада полиция қызметкерлері қала игілігі үшін жұмысын белсенді жалғастырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және заңдылықты нығайту жөніндегі маңызды міндеттерді орындауда.