Басты ақпаратЖаңалықтар

Астанада жаңа зауыт ашылды

Бүгін Астанада «Ipek Kagit Central Asia» атты түрік компаниясының қағаздан жасалған гигиеналық өнімдерді шығаратын зауыты ашылды. Осыдан он жыл бұрын Алматы қаласында жұмысын бастаған кәсіпорын ендігі ісін елордада өрістетпек. «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағында орын тепкен зауыт «Selpak» брендімен қағаз сүлгілерді, майлықтарды, дәретхана қағазын шығарады.

Зауыт атшаптырым аумақты (50 мың шаршы метр) алып жатыр. Оның өндірістік қуаты жылына 17 мың тонна өнім болмақ. Өндірістік қызметтердің маманы Әнуарбек Нүсіптің айтуынша, минутына 650 дана дәретхана қағазы, 450 дана қағаз сүлгі және 1500 дана майлық шығарылады. Кәсіпорын құрылысына 14 млн доллар инвестиция құйылды. Жоба «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының шағын және орта бизнес субъектілерін қолдауға арналған бағдарлама аясында жүзеге асты.

Зауыттың ашылу салтанатына қатысқан Түркияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык және «Eczacibasi Holding Co» компаниясының вице-президенті Хакан Уянык бауырлас Түрік елі Қазақстанда жұмыс істеуге аса ықылысты екенін атап өтті.

«Ipek Kagit Central Asia» компаниясының осындай екі зауыты Түркияның өзінде жұмыс істеп отыр. Енді жаңа кәсіпорынды Астанада ашып отырған компания басшылығы жаңа нарыққа шықпақ. Атап айтсақ, өз өнімдерін Қырғызстан, Тәжікістан сынды Орта Азия елдері мен Ресейге экспорттамақ. Ал, елордадағы зауытқа 80 адам жұмысқа алынды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button