Астанада «Жасыл балабақшалар» бағыты іске қосылды
Астана қаласында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары арасында «Жасыл балабақша» бағыты іске қосылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Бұл бағдарлама тек ауланы көгалдандырып, бау-бақша егіп, ондағы өнімдерімен қамтамасыз ету ғана емес, ең алдымен балаларға экологиялық білім мен тәрбие беруді көздейді.
Бағдарламаны қаламызда алғашқылардың бірі болып енгізген №84 «Кәусар» балабақшасы бүгінде бірқатар бастаманы іске асырған. Атап айтқанда, балабақша аумағынан «Арайлы Астана» саябағын ашып, 70 қарағай, «Тәрбие бағы» саябағына 21 аққайың, 21 алма ағашы отырғызылған.
Осы жылдың қараша айында төрт топтың бүлдіршіндерінің қатысуымен декаративтік орамжапырақ пен мультифлора гүлінің қалай өсірілетінін эксперименттік алаңда зерттеп, алдағы уақытта метео алаңын ашып, жүзден астам күнбағыс пен әртүрлі гүлдер өсіру жоспарланған.
Осы жұмыстарды қарқынды жүргізу мақсатында ата-аналар арасында «Мен жасыл балабақшаның ландшафтық дизайнерімін» деген конкурстың бірінші кезеңінде «Картиналар галлерясы» ашылды. Балабақша әкімшілігі Экология министрлігімен келісілген меморандум бойынша «Таза Қазақстан» аясында тыныс алу жолдарын нығайту үшін «Денсаулық жолдары» бойында 300-ге тарта ұсақ жапырақты қарағаш отырғызбақ.
«Жасыл балабақша» бағыты бойынша қаламызда бұдан бөлек, №24, №60, №77, №84, №92 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары да іске асырып, балалардың барлығын ұқыптылыққа, үнемділікке, қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға тәрбиелеу бойынша жұмыс атқарып жатыр.