Жаңалықтар

Астанада «Жасыл экономика – экономикалық дамудың бірегей үлгісі» тақырыбында брифинг өтті

зеленая экономика

Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасындағы БҰҰДБ тұрақты өкілдігінің орынбасары Мунхтия Алтангерел, тұрақты өкілдігінің кеңесшісі Ирина Горюнова, жоба менеджерлері Талғат Кертешев пен Гүлжамал Исаева «Жасыл экономика – бәсекеге қабілетті елдер үшін экономикалық дамудың бірегей үлгісі» тақырыбында брифинг өткізді.

Алдымен сөз алған БҰҰДБ тұрақты өкілдігінің орынбасары Мунхтия Алтангерел  «Жасыл экономиканың» негізгі қағидаларына тоқталды. Бұл экономиканың табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауды, сондай-ақ, соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз етуді көздейтіні белгілі. «Жасыл экономика» бірінші кезекте қазіргі уақытта сарқылуға айналған пайдалы қазбалар мен түрлі ресурстарды үнемді тұтынуды және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға шақырады. Біздің еліміз 2013 жылы «Жасыл экономика» тұжырымдамасын бекіткен болатын. Содан бері жер, су және тағы басқа ре­сурс­тарды тиімді пайдалану жолдары қарастырылуда. Бүгінде елімізде осы бағытта 8 жоба жүзеге асырылып жатыр екен.
– Қазір Қазақстанда халықтың 50 пайызы қалалық жерлерде тұрып жатыр. Шамамен 2030 жылдарға қарай бұл көрсеткіш 66 пайызға өседі. Бұл – экологияға төнер қауіп бұрынғысынан тағы артады деген сөз. Себебі, ауылдық жерлерге қарағанда, үлкен қалалар тұтыну көлемінің ауқымына байланысты қоршаған ортаға булы газдарды көп бөледі. Яғни, қалаларда инфрақұрылым түрлері және басқа да құрылымдардың жұмысы көбірек пайдаланылады. Сол себепті ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар да көп болады. Бұдан экономикаға да, экологияға да үлкен салмақ түседі. Сондықтан қалалық жерлерде «Жасыл экономика» қағидаларын көбірек айтып, насихаттау маңызды. «Жасыл экономиканы» қалыптастыру – жасыл, экологиялық таза технологияларды көбірек пайдалану дегенді білдіреді. Оның жарқын мысалы ақылды қалалық жылу желісі, жарықтандыру және экологиялық көліктер. Біз осы бағыттарды дамыту үшін жұмыс жасауымыз керек, – деді өз кезегінде БҰҰДБ тұрақты өкілдігінің кеңесшісі Ирина Горюнова.
Жоба менеджерлері Талғат Кертешев пен Гүлжамал Исаевалар журналистерді «Жасыл экономика» қағидаларын көбірек насихаттап, осы тақырыпта жақ­сы мақалалар жазып, халықтың та­ным-түсінігін кеңейтуге үлес қосуға шақырды.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button