Қала тіршілігі

АСТАНАДА ЖОЛАҚЫ ҚЫМБАТТАЙ МА?

IMG_4557

Астана қалалық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы елордадағы қоғамдық көліктің жүйелі жұмыс істеуі үшін авто­бустарда жүру ақысын ересектер үшін – 100 теңгеге, балаларға – 40 теңгеге көтеруді ұсынып отыр. Бұл мәселе қалалық әкімдікте өткен қоғамдық тыңдауда талқыланды.

Басқарма басшысының орынбасары Әбдіхамит Тамабаевтың айтуынша, бұл ҚР Көлік және коммуникация министрлігі бекіткен жолаушылар мен жүк тасымалдау бойынша қызмет көрсету тарифтерін есептеу әдістемесіне сәйкес белгіленіп отыр. Әдістеме кестесіне жүгінсек, сыйымдылығы жоғары автобустардың қызметі үшін бір реттік жүру ақысы – 106,6 теңге, сыйымдылығы шағын автобустар қызметі үшін 112,4 теңге белгіленген. Жоғарыда аталған тариф осыған негізделіп отыр. Осы орайда, қалалық мәслихаттың ше­шімімен жеңілдікпен жол жүретін азаматтардың жол жүру тәртібі өзгеріссіз қалатын болады.

Астана қаласында қоғамдық көліктегі бір реттік жолақы құны 2008 жылдан бері өзгермей, 60-65 теңге болып келгенін атап өткен басқарма басшысы Рашид Аманжолов қазіргі таңда жанар жағар май мен қосалқы бөлшектердің қым­бат­тауына байланысты бұл тариф көлік саласын дамытуға, оның жылжымалы құрамын жаңартып, күтіп-баптауға жұмсалатын шығынды өтемей отырғанын жеткізді. Атап айтқанда, 2008 жылдан бері дизель отынының 1 литрі 75 теңгеден 115 теңгеге дейін, яғни, 65 пайызға өскен. Ал қосалқы бөлшектер мен жиынтық материалдарға жұмсала­тын шығын 80 пайызға артқан.

Бүгінде Астананың қоғамдық көлік саласында 50 бағыт бойынша қызмет көрсететін 8 компания бар. Автопарктердегі 890 автобустың 734-і күнделікті желіге тұрақты түрде шығады. 2008 жылдан бері елордаға 406 автобус сатып алын­ған екен. Бұдан өзге, 76 бағытты құрайтын жаңа маршруттық желі жасалып, экспресс-маршруттар іске қосылған. «Астана халқының көбейіп келе жатқанына сәйкес, елордада автобустар тапшылығы әлі де бар. Соның бір себебі – жүр­гізушілердің жетіспеуінде болып отыр. Қыста бірқатар жолаушылар көліктерінің қаңтарылып тұруына жүргізушілердің аяқ астынан кетіп қалуы себеп болды. Жалақылардың аздығына байланысты бұл мамандар да бізде тұрақтамайды. Сондықтан тарифті көтеру қажеттіліктен туындап отыр» деді Рашид Аманжолов. Оның айтуынша, қазіргі күні елорданың қоғамдық көліктеріне 250 жүргізуші жетіспейді екен.

Бұдан кейін қалалық жолаушылар көлігі саласында қолға алынған жобалар төңірегінде әңгіме қозғаған басқарма басшысы бүгінге дейін газбен жүретін 350 жаңа автобус сатып алынғанын, кейін арнаулы жолдармен жүретін жүрдек автобустар желісі, көліктердің жүрісін реттейтін жаңа бағдаршамдық бағдарлама іске қосылатынын, мұның бәрі қосымша шығынды қажет ететінін атап көрсетті.

Қоғамдық көлікте бір реттік жол жүру ақысын көтеру мәселесі әлі де талқыланады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button