Астанада жыл басынан бері 300-ден астам есірткі қылмысы анықталды
Елордада 2024 жылдың 10 айында 300-ден астам есірткі қылмысы тіркелді, оның ішінде 250-ге жуығы – өткізу фактісі бойынша. Заңсыз айналымнан 300 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Еркеш Қалықов айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оның айтуынша, есірткіге қарсы іс-шаралар бойынша интернет-кеңістікке мониторинг жүргізіледі. Бір жылға жуық уақыт ішінде 200-ге жуық сайт бұғатталған.
«Есірткіні жарнамалайтын граффитилерді жою жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта «Есірткіге жол жоқ!» атты «Smart Astana» мобильді қосымшасы бар. Есірткі тарату фактілері бойынша 21 қылмыстық іс қозғалып, 5 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деді Еркеш Қалықов.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп, қабылданған болатын. Осыған байланысты «Астана – есірткісіз қала 2024-2025 жылдарға арналған» бағдарламасы іске асырылуда, оған мемлекеттік органдар мен жұртшылық барынша тартылған, есірткіге қарсы іс-шаралардың тұтас кешені әзірленген.
«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері ведомствоаралық штаб отырыстарында қаралады. Алдымен биыл Департамент әкімінің орынбасары мен басшылығының төрағалығымен 9 МВШ отырысы өткізілді, онда бірқатар түйткілді мәселе мен оларды шешу жолдары қаралды.
Департамент мемлекеттік органдармен бірлесіп, нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы күрес бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Бұл жұмысқа тек мемлекеттік органдар ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер де өз үлестерін қосуда, олармен бірге жыл басынан бері 450-ден астам профилактикалық іс-шара өткізді», – дейді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі.