Жаңалықтар

Астанада «Аудиогидпен серуендеу» әлеуметтік жобасы іске қосылды

Ол үшін «Бәйтерек» монументі мен «Ханшатыр» сауда-ойын-сауық орталығы маңайында арнайы шатырлар тігілді.

02

Астанада қалалық әкімдік пен «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС бірлесіп «Аудиогидпен серуендеу» әлеуметтік жобасын іске қосты. Астананың сол жағалауындағы «Нұржол» желек жолы бойында орын тепкен көрікті ғимараттармен танысқысы келетін әр адамға аудиогид аталатын құрылғының көмегіне жүгінуге болады. Аудиогидті алып, күндізгі сағат 10.00 мен кешкі 22.00 аралығында 2-2,5 сағат бойы қолдануға аласыз.
Аталмыш қызмет түрі – тегін. Тек аппарат қолды болып кетпес үшін оны пайдаланудың аздаған шарттары бар. Аудио­гидпен серуендегіңіз келсе, кеңесшіге 5 мың теңгені кепілге қалдырасыз. Одан кейін аудиогидті алып, жүре бересіз. Қайтып келген соң, кепілдігіңізді қайтып аласыз.
Көрсетілген сомадағы қаржы қалтаңызда болмаса, кеңесшінің жанында тұрып, аппаратқа жазылған барлық ақпаратты тыңдайсыз. Теледидар пульті тәрізді құрылғының 1-ден 30-ға дейін сандарын бассаңыз, аудиогид өзіңіз қалаған қазақ, орыс, ағылшын немесе қытай тілдерінде сол жағалаудағы әсем ғимараттармен таныстырады. Мәселен, «1» санын басқанда «Ханшатыр» туралы ақпарат айтылады. «2» санын теру арқылы Ғашықтар саябағы жөнінде мәлімет беріледі. Ал «3» саны «Астана Опера» театрынан хабар береді. Осылайша, әр санның артында елордадағы бір әсем ғимарат тұр.
Әзірге аудиогид қызметіне шетелдіктер көп жүгінеді екен. Алдағы уақытта қалада аудиогидті жалға беретін тағы да үш орын ашу жоспарланып отыр.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button