Астанадағы 2-ЖЭО-да қондырғылар күрделі жөндеуден өтіп жатыр
Қыс – қыр астында. Бұл ретте, Астана қаласындағы жылу жүйесіне жауапты кәсіпорындар қондырғыларды жаңартып, барынша қамданып жатыр. Мәселен, 2-ЖЭО басшылығы инвестициялық бағдарлама шеңберінде қазандықтарды күрделі жөндеуден өткізген, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Атап айтсақ, №1 стансадағы БКЗ-420-140 және №7 стансадағы Е-550-13, 8-560 КТ қазандық қондырғылары жаңартылған.
Биыл инвестжобаларды жүзеге асыруға бөлінген 2,326 млрд теңгенің әзірге 64 пайызы игерілген. Жыл соңына дейін 830 миллион теңгеге жылу жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, қолданыстағы қондырғыларды ескі деуге болмайды. Алдыңғы жылдары рет-ретімен жаңартылған. Десе де, жылу құрылғылары қалыпты жұмыс істеуі үшін жиі күрделі жөндеуден өткізіп тұрған абзал.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті мамандары инвестициялық бағдарламалар шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижесін тексерді. Мамандардың айтуынша, тиісті жұмыстар уақытылы әрі сапалы аяқталған.