Басты ақпаратЖаңалықтар

АСТАНАДАҒЫ «АҚЫЛДЫ ИНДУСТРИЯ»

Астана қаласы әлемдегі «ТОП – 21» ақылды қалалар тізіміне енгені белгілі. Енді бас шаһар «ақылды» адымын бұдан да кеңейтіп, инновациялық жобаларға айрықша ден қоймақ. Бұл туралы Назарбаев университетінде өткен «Tech Garden Summer FEST» технологиялық фестивалі аясындағы «Ақылды индустрия» жобаларының тұсаукесерінде Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев айтты. Сондай-ақ, мұнда «Startup Kazakhstan» халықаралық бағдарламасы көпшілік назарына ұсынылды.

banner_19201

– Астаналық әкімдік жұмысының басым бағыттарының бірі – инновацияны дамыту. Менің министрлікте жинақтаған тәжірибем осы бағыттағы жұмыстардың ойдағыдай жүзеге асуына септесетін болады, – деп бастады сөзін Әсет Өрентайұлы салтанатты шарада. – Еліміздің бас қаласы күннен күнге қарыштап дамып келеді. Астана – өте ашық қала, тек экономикасы ғана емес, әлеуметтік-мәдени өмірі де жоғары деңгейде қалыптасқан. Астаналықтардың сана-сезімі де биік. Сондықтан, инновацияны басым бағытқа айналдыру өте маңызды. Астана бұған қоса, креативті қала болуы тиіс. Ол еліміздің жаңа экономикасына жол ашады. Менің ойымша, «Startup Kazakhstan» халықаралық бағдарламасы барлық ғалымдарға, студенттерге, жас кәсіпкерлерге өздерінің жаңа бизнесін бастауға мүмкіндік береді. Стартап-бизнес – біз үшін маңызды салада, қала өмірін жақсартуда айтарлықтай серпін беретіні анық. Бұл айналып келгенде білім, транспорттық мәселелердің шешімі, экология, сапалы қызмет, электронды коммерция, былайша айтқанда, негізгі басым бағыттар.
Біз осы сұраныс пен қызығушы­лықтарды үнемі қолдайтын боламыз.
Қала әкімі өз сөзінде жақын арада Назарбаев университеті, Білім және ғылым министрлігі мен Инвестиция және даму министрлігі «ақылды қала» құру аясында өздерінің бірлескен бағдарламасын жариялайтынын атап өтті. Елорда басшысы Smart сity құруда жас ғалымдарға, инженерлер мен кәсіпкерлерге айрықша үміт артып отырғанын да жеткізді. Оның айтуынша, бұдан былай стартаптар байқауы Астанада тұрақты түрде жылына бірнеше рет өткізіліп тұрмақ.
Фестиваль аясында халықаралық және қазақстандық сарапшылар стартаптарды табысты дамыту бойынша арнайы шеберлік дәрістерін өткізді. Осы шара барысында «Ақылды индустрия» инновациялық жобалардың да тұсауы кесілген болатын. Соның ішінде тасымалданатын шатырлы қондырғылар, вагон-цистернді жылыту жүйелері, тасымалданушы мұнай өнімдері, малшыларға арналған қуаты 1 кВт диффузоры бар көшірілетін жел қондырғылары және энергия тұтынуды 40 пайызға төмендететін қазандықпен бірге жасалған гелиоқондырғылар сияқты жобалар көпшіліктің қызығу­шы­лығын туғызды.
Шара соңында «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қоры мен «NURIS» ЖШС арасында меморандумға қол қойылды.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button