Басты ақпаратЖаңалықтар

Астанадағы азық-түлік бағасы қатаң бақылауда – Андрей Лукин

Орталық коммуникациялар қызметінде елордада азық-түлік бағасын тұрақтандыруа арналған брифинг өтті.

Лукин ФОТО

«Астана қаласының әкімі арнайы жиын өткізіп, әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыруға қатысты нақты тапсырмалар берді. Ең бірінші әкімдік жанынан азық-түлік бағасын қадағалайтын жедел штаб құрылды.  Штаб күн сайын азық-түлік бағасына үш мезгіл мониторинг жүргізіп отырады. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде жиырмадан астам әлеуметтік маңызды тауар түрлерінің бағасы өскендігі анықталып отыр», – деп бастады өз сөзін Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин.

Оның айтуынша, бірінші сортты нан бағасын өндірісшілер өсіріп отыр екен. Өйткені, олар пайдаланатын шикізат бағасы көтерілген, екіншіден өткен жылдан бастап астықты субсидиялаудың тоқтатылуы да себеп болған. Сол себептен «Сапа нан» ЖШС нанның өндіру бағасын 60 теңгеден 70 теңгеге көтерген. Оның бөлшек саудадағы құны 80 теңгеге жетіп отыр. Бірінші сортты ұн бағасының көтерілуі – өндірісшілердің шикізат құнын 7 пайызға қымбаттауы және астыққа субсидияның тоқтатылуы салдарынан орын алған. Енді қант бағасының қымбаттауы оның жеткізілу құнының көтерілуіне байланысты екен. Негізгі жабдықтаушылардың бірі – «ЦАСК» ЖШС бір тонна қант бағасының 354 доллардан 477 долларға жоғарылауына байланысты жеткізу құнын өсіруге мәжбүр болған.

Өсімдік майы да қазір сауда нүктелерінде қымбаттады. «Евразия фудс корпорейшн» компаниясы негізгі құнды 10,80 пайызға өсіруіне байланысты Астанаға өсімдік майын жеткізумен айналысатын екі кәсіпорын тауар құнын еріксіз қымбаттатыпты. Оның үстіне «Май» АҚ-да өндіру бағасын көтерген.

Тауық еті мен жұмыртқасын өндірумен айналысатын «Қазгерқұс» ЖШС мен «Шаңырақ» басқарушы компаниясы да тауарларының өндіру бағасын жоғарылатқан. Бұған қоса, шетелден келетін өміндердің де негізгі бағасы 11,9 пайызға көтерілсе керек. Сондай-ақ бүгінде күріштің бағасы да өсті. Астанаға Қызылорда облысынан күріш жеткізумен айналысатын «Абзал» ЖШС жеткізу бағасын қымбаттатқан көрінеді. Себебі, ол жақтағы өндірісшілер өнім құнын сәл қымбаттатқан. Бүгінде күріштің жалпы қымбаттауы 27,70 пайыз болып отыр. Шығыс Қазақстан обылсынан жармалардың жеткізілуі тоқтап қалуы салдарынан елордадағы өнім бағасы 24 пайызға көтеріліпті. Көкөніс түрлерінің қымбаттауына былтырғы өнімнің азайып, биылғысының өндіру құны артуы салдарынан орын алған.

«Жалпы, еліміз бойынша алып қарайтын болсақ, Астанадағы бағаның қымбаттауы орташа деңгейде екенін көреміз. Мәселен, елордада өсімдік майы 9,70 пайызға қымбаттаса, оңтүстік өңірлерде оның құны 32,4 пайызға көтерілген. Қарақұмық жармасы Қостанай қаласында 72 пайызға қымбаттаса, Астанада оның келісі 24 пайызға көтерілді. Солтүстік Қазақстан облысында нан бағасы 46 пайызға көтерілген болатын, елордада 22 пайызға қымбаттады. Салыстырмалы түрде азық-түлік бағасын осылай жалғастыруға беруге болады. Мұның бәрі бізге Астанада азық-түліктің бағасы орташа деңгейде екенін көрсетеді», – деді қала әкімінің орынбасары.

Андрей Лукин бұдан соң азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында әкімдіктің қолға алып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады. Астана қаласы әкімінің тапсырмасымен енді елордада азық-түлік жәрмеңкесі күн сайын өткізіледі екен. Бұған дейін сенбі-жексенбі күндері ғана өткізілген еді. Бүгінге дейін әкімдіктің ұйымдастыруымен қырық шақты жәрмеңке өткізіліп, онда миллион тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері базардағы бағадан 10-15 пайызға арзанға сатылған.

Бағаны тұрақтандыруға байланысты екінші қолға алынған шара – қаладан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізуге қосымша тағы алты орын бөлінген. Бұл орындарға ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тікелей шығып, халыққа тауарын ұсына алады. Ауыл шаруашылық өнімдерін жеткіз бойынша еліміздің сегіз аймағымен астаналық әкімдік арнайы келісімшарт жасасқан. Енді Алматы, Жамбыл, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары, Павлодар, Қызылорда, Ақтөбе және СҚО ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өнімдерін Астанаға жеткізуде ешқандай кедергі көрмейді. Жалпы Астанаға тауар өндірушілердің сауда нүктелеріне тікелей шығуына барлық жағдай жасалған. Жәрмеңкеде сатылатын тауар түрлерінің тізімі кеңейіп, оның қатарына шай, қант, жарма, макарон өнімдері, өсімдік майы қосылған.

«Азық-түлік бағасына күнделікті мониторинг жүргізу барысында тауар бағасын негізсіз қымбаттатқандарға қатаң әкімшілік шаралар қолданылады. Ондай жағдайларды байқағандар Астана қаласы әкімдігіне, тиісті департаменттерге хабарласуына болады. Біз бірде-бір жағдайды назардан тыс қалдырмаймыз», – деді Андрей Лукин сөзінің соңында.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button