ӘлеуметҚала мен Сала

Астанадағы Дағдарыс орталығында «Ақ орамал» акциясы өтті

Елордадағы «Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қаупі салдарынан қиын жағдайға тап болған адамдарға арналған дағдарыс орталығы-баспанасы» мемлекеттік мекемесінде республикалық «Ақ орамал» акция­сы өтті.

09

Басқосуды Дағдарыс орта­лығының директоры Нұрбол Зұлқарнаев сөз сөйлеп ашты. «Ақ орамалдың қазақ тарихында философиялық мәні өте терең. Бұрынғы заманда жауласқан екі елді достастыру мақсатында әйел басындағы орамалын шешіп, жерге тас­тайтын болған. Акцияның мақсаты – еліміздегі барлық азаматтардың тегіне, ұлтына қарамастан, әлеуметтік, діни және басқа да құндылықтарымен қосып, ауызбіршілікте өмір сүруге шақыру. Ақ орамалды көпбалалы батыр аналар тойларда жас келіндерге табыс етсе, перзентханада жас босанған аналарға берген. Елбасы айтқандай, біз балалар мен немерелеріміздің болашағын ойлауымыз керек.
Акция барысында қазіргі қоғамда зорлық-зомбылық көрген әйелдерді мемлекет тарапынан қолдау туралы кеңінен сөз болды. Жиналғандардың ішінде ақ жаулықты Әнияш әже дағдарыс орталықтары кейбір жас отбасылардың сәл ғана қиындыққа шыдамай, осында келуіне мүмкіндік туғызып отырғанын, сондықтан әйел адам қандай жағдай болсын шыдауы керек деген пікір айтса, кейбір сала мамандары орталықтың болғаны дұрыс екендігін алға тартты. Ал психолог Наталья Семененко елімізде болып жататын зорлық-зомбылықтың себебін анықтау үшін арнайы психологиялық сараптама жүргізетін заңның жоқтығын айта кетті. Осы тақырыпқа орай, Астана қаласы «Нұр Отан» партиясының Ұйымдастыру-бақылау бөлі­мінің кеңесшісі Надежда Мерва «Бір жағынан мұндай оқиғалар неге көбейіп кетті? Кез келген қоғамда балалар үйі мен дағдарыс орталықтары азайса, демек әрбір шаңырақ шайқалмай сақталып тұр деген сөз. Егер отбасы сабақтастығы үзілсе, дағдарыс орталықтары сол үзілген жіпті жалғауы тиіс. Отбасы – шағын мемлекет. Әр отбасында кикілжің болатыны сөзсіз. Сондықтан зорлық-зомбылықты жасырмай, ашық айтып, құқық қорғау органдары, өкілетті құрылымдар, қоғамдық бірлестіктер, көпбалалы аналар болып бірігіп, осы мәселені шешуге атсалысуымыз тиіс. Өйткені біздер құқықтық алаңда өмір сүріп жатырмыз» деді.
Айта кетейік, Астана қала­сында Дағдарыс орталығы ашылғалы бері мұнда 329 әйел паналаған. 2014 жылы 35 әйел мен 75 бала, яғни 110 қызмет тұтынушы, 2015 жылы 48 әйел мен 100 бала (148 адам) пана тапса, биыл 11 әйел мен 20 бала орталықта әлеуметтік-психологиялық көмек алуда. Орталық 50 адамдық орынға есептелген. Жатын орын мен үш мезгіл тамақтану, балалардың ойын бөлмесі, массаж бен тренажер залы, хауыз, асхана, қолөнер бөлмесі бар. Мұнда екі психолог, бала күтушісі, медбике – барлығы 31 адам қызмет етеді.
Дөңгелек үстелге зорлық-зомбылық көрген әйелдер де қатысып, бастарынан өткен оқиғаны баяндап берді. Мамандар жаны жаралы әйелдерге демеу білдіріп, алдағы уа­қыт­­та бағыт-бағдар беріп, көмектесетіндерін айтты. Статистика бойынша әйелдердің 87-88 пайызы өз отбасымен қайта қауышады. Кейбір әйелдерді туыстары алып кетсе, кейбірі үш айдың ішінде жұмысқа орналасып үлгереді. «Орталыққа айына жоқ дегенде 3-5 әйел келіп түседі. Мұнда күйеуінен таяқ жеп келетіндер де бар, некесіз бала көтеріп, әке-шешесі қуып жібергендер де, өзге облыстан келіп, барар жер, басар тауы жоқ, шабаданын арқалаған әйелдер де келеді. Зорлық-зомбылыққа келсек, әрине, шыдау керек деп айта алмаймын. Жанжалға бір ғана адам себепкер емес, кінә екі жақтан да болатынын ескерген жөн» дейді Н. Зұлқарнаев.
Бұдан кейін «Ақ орамал» акциясы «Керуен» сауда ор­талығында жалғасты. Акция барысында мұнда да түрлі басқармадан келген өкілдер мен заңгер, психологтар келушілерге тегін кеңес берді.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button