Мәдениет

АСТАНАДАҒЫ «ВЕНА – БЕРЛИН» КЕШІ

ERA_1759

Астана өнерсүйерлерінің үлкен досы Денис Мацуевтың арнайы шақыруымен келген әйгілі «Вена-Берлин» камералық оркестрі елордамызда өнер көрсетті.    

Өрелі өнер өлкесінде үзеңгі қағысып қатар келе жатқан Вена филармониясының оркестрі мен Германияның ең ірі симфониялық оркестрінің сан жылдық дәстүрін сақтап, екі өнер мектебінің хас шеберлерінен құралған «Вена-Берлин» камералық оркестрі академиялық музыка аспанының жарық жұлдызы іспетті. 2005 жылы атақты дирижер Саймон Рэттлдің бастамасымен құрылған, шекті аспаптан тұратын аталмыш ұжымның кәсіби шеберлігін дүние жүзі әлдеқашан мойындаған. Сайдың тасындай іріктеліп алынған музыканттардың бір ерекшелігі, дирижер басқаруынсыз өнер көрсетеді. Оның да кереметі бар. Бір қолдың саласындай оркестр құрамындағы жиырма музыканттың әуеде қалықтаған әуенді қалт жібермей, бір-бірінің қабағынан да, қолының қимылынан танып үндесе білуі тыңдаушысын арбағандай әсер етеді. Ал «Вена-Берлин» камералық оркестрінің примариусы, Вена мемлекеттік операсы мен Вена филармониясы оркестрінің концертмейстері Райнер Хонек 1709 жылы Страдиваридің өзі жасаған скрипкамен ойнау мәртебесіне ие болған өнер шебері.
Оркестрдің тағы бір ерекшелігі – солист-резидентпен бірге өнер көрсетеді. Денис Мацуев «Вена-Берлиннің» биылғы турнеге орындаушы ретінде шақырылуын өзіне биік мәртебе санайтынын айтты. Пианист-виртуоз Астана сахнасына шыққан сайын ұшқан ұясына оралғандай әсер алатынын білдірді. Ол «Астана үлкен мәдени орталыққа айналып келеді, соның бір дәлелі осы оркестрдің қазақ сахнасында өнер көрсетуі» деді кешке жиналған қауымға. Өнер ұжымы осы құрамымен Ресейдің ірі қалаларында гастрольдік сапарда болыпты, алдағы уақытта Амстердам, Лондон, Берлин, Париж, Прага және Рим қалаларында өнер көрсетпек көрінеді.
«Вена-Берлиннің» Астанадағы музыка кеші Моцарттың «Түнгі серенадасымен» басталды. «Қазақстан» орталық концерт залын толтырған жұрт сілтідей тынып, өшпес туын­дының құдіретіне елтіді. Одан кейін Дмитрий Шостаковичтің фортепиано, труба және шекті аспаптар оркестріне арналған концертін орындады. Ғажап оркестр үні Денис Мацуевтің шеберлігімен ұшталып, арнайы шақырылған венгр Габор Таркови туындының рухын труба үнімен айшықтады. Концерттің екінші бөлімінде орындалған Петр Чайковскийдің шекті аспаптарға арналған серенадасы атақты оркестрдің астаналық бағдарламасын аяқтаған еді. Аттай қалап келтіре алмайтын мәртебелі меймандарға халық құрметпен қол соғып, қоштасуға қимады. Көптің көңілін ұққан еуропалық өнерпаздар да бағдарламадан тыс Штраустың шығармасын орындап, ықыластарын білдірді.
Өнерде шекара жоқ. Бір кеште музыка әлемінің үш құдіретінің туындысына жан бітіріп, сырлы әуені жүректі баурап, көңіліміз бір тазарғандай күй кештік. Өнер құдіреті де осы болса керек.

Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button