Ел тынысы

Астанадағы волонтерлік қызмет жайы талқыланды

Астана қаласы коммуникациялар орталығында «Елордадағы волонтерлік қызмет туралы» брифинг өтіп, оған  Оқу-ағарту министрлігінің «Өркен» балалардың әл-аухатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институты» ҮеАҚ Президенті Есенғазы Иманғалиев,  V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу жөніндегі Дирекция басшысының орынбасары Абылай Қондыбаев, қалалық волонтерлер штабының басшысы – Шыңғыс Тілеулин қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Елордадағы 11 университеттің ерікті студенттері «Менің бауырым» жобасына қатысқан. Олар педагогика, психология, әлеуметтік жұмыс, құқық және IT мамандықтары бойынша білім алады. Жобаны іске асыруда әдістемелік қолдауды Оқу-ағарту министрлігінің «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру Ұлттық ғылыми-практикалық институты жүзеге асырады. Институт мамандары 850 ерікті студент пен 2 380 қала мектептерінің педагогтарына оқыту тренингтерін өткізген. Бұл мектептерде волонтерлік бастамаларды тиімді жүзеге асыруға көмектеседі. Еріктілер жүзеге асырған жобалар мәдениет, спорт, білім беру, салауатты өмір салты және буллингке қарсы іс-қимыл, құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық тәрбие, IT сауаттылық және т.б. оқушылар өмірінің әртүрлі салаларын қамтиды. Іс-шараны студенттер шеберлік сыныптары, пікірталастар, тренингтер, мәдени іс-шаралар, зияткерлік және спорттық жарыстар, тілдік курстар түрінде өткізеді. «Менің бауырым» волонтерлерінің жобалары мен іс-шаралары балалардың жағымды пайдалы әдеттері мен дағдыларын қалыптастыруға, олардың физикалық және психологиялық денсаулығын сақтауға ықпал етеді.

Ақпан-сәуір айлары аралығында елорданың 97 мектебінен 10 мыңнан астам оқушы волонтерлік жобалармен қамтылған. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу  дирекциясы жарыс кезінде қызмет жасайтын еріктілерді іріктеу жұмыстарын жүргізуде. Қаңтар айында еріктілікке өтінімдерді қабылдау басталып, Астана қаласының 13 ЖОО қамтылған. Наурыз айында студенттерді еріктілер қатарына шақыру мақсатында қаланың 29 колледжінде кездесу ұйымдастырылған. Сондай-ақ, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы ақпарат ұсыну және еріктілер қатарына шақыру мақсатында Есіл, Алматы, Нұра, Сарыарқа, Байқоңыр аудандарындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызмет алушыларымен кездесулер өткен. Бүгінде келіп түскен өтінімдердің жалпы саны – 4 683.

Сонымен бірге, волонтер болуға Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Вьетнам, Түркия, Германия, Франция, Испания, Корея, Түрікменстан, Беларусь және Гана Республикасы және т.б. мемлекеттерден де өтінімдер келіп түскен. Мамандар мамыр айының соңына дейін әлеуетті еріктілермен офлайн және онлайн сұхбаттасу жүргізеді. Бүгінге дейін «Turan-Astana» университеті, Maqsut Narikbayev University, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті және А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты студенттерімен сұхбаттасу өткен. Сұхбаттасу кезінде өтінім білдірушінің жарыс туралы ақпаратты білуі, ерктілік тәжірибесі, шет тілдерін меңгеруі т.б. қасиеттеріне мән беріледі. Іріктеу нәтижесінде 1000 үздік ерікті іріктеліп, оның ішінде 50 адам – үйлестіруші, 100 адам – көшбасшы болады. 2 кезеңнің қорытындысы бойынша іріктелген еріктілер арнайы дайындықтан өтеді. Оқу-жаттығу және тәжірибе алмасу іс-шараларына қатысатын болады.

Спикерлер астаналық еріктілердің су тасқынынан зардап шеккен аудандарға көрсеткен гуманитарлық көмегі туралы айтып өтті. Қазіргі таңда «Астана жастары» базасында 6 000-нан астам белсенді волонтерлер бар. 29 наурыз бен 10 мамыр аралығында Астана қаласы аумағында мемлекеттік мекемелердің, әлеуметтік қоймалардың, кәсіпкерлердің, мемлекеттік емес ұйымдардың, жеке тұлғалардың және еріктілердің күшімен жалпы 1 160.5 тонна гуманитарлық көмек жиналған. Қалалық волонтерлік штабының үйлестіруімен 10 пункт (әлеуметтік қоймалар) гуманитарлық көмек қабылдайды. Әлеуметтік қоймаларда 30 волонтерлік ұйым және 500-ден астам волонтер буып-түю жұмыстарын жүргізген.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button