Қала мен Сала

Астанадан ауылға дейін…

АСТАНА

Кеше Астанадан елорда маңындағы Шұбар ауылына автобус жүре бастады. №318 бағдар Малотимофеевка ауылынан қалаға шыққанда Шұбарға соғатын болды.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ

Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Жамбыл облысына жасаған сапары барысында Тараз қаласында тұратын сегіз баланың анасы Айгүл Әмірееваға пәтер кілтін тапсырды. Жаңа пәтер «Зекет» қорының ұйытқы болуымен, демеуші азаматтардың қолдауымен сатып алынған.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласын газдандыруға 5,5 млрд теңге бағытталады. Бұл жобаға мемлекетпен қоса жекелеген инвесторлар да атсалысуда. Қазір ондағы 2,5 мың үйге газ кірді. Ауданды толығымен газдандыру жұмыстары 2021 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Сарыағаш ауданында заманауи спорт кешені ашылды. Нысанды Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында жергілікті кәсіпкер өз қаржысына салдырған. Жобалық құны 500 млн теңге болатын орталықта бір мезетте 500 адам спортпен шұғылдана алады.

АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Ақмола облысының диқандары биыл жалпы көлемі 5,6 миллион тонна астық жинап, үздік көрсеткішке қол жеткізді. Әр гектардан 13 центнерден өнім алынды.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ

Шет ауданында биыл туғанына 200 жыл толып отырған Шортанбай жыраудың ескерткіші күрделі жөндеуден өтіп, маңайы абаттандырылды. Оған жергілікті қазынадан 4 миллион теңге қаржы бөлінген.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

Өңірде алдағы жылы 40 жаңа балабақша қолданысқа берілмек. Осыдан кейін облыстағы балдырғандарды мектепке дейінгі мекемемен қамту көрсеткіші 100 пайызға жететін болады.

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ

Атырауда мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген заңгері, «Құрмет» орденінің иегері Ирак Елекеевтің «Заңғар тұлға» атты шығармашылық кеші өтіп, «Көзқарас» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

Облыста «Абай ауылға келді» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Ертіс өңірінің танымал жыршысы Даниял Асанов ауыл-ауыл­ды аралап, Абайдың шығарма­шылығын насихаттауға кірісті. Алдымен жыршы өңірдің Май ауданына барды.

ШЫМКЕНТ

Шымкенттегі дендросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілді. Бұл шешім Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button