Руханият

Астанаға ақын келді

Хакім Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов секілді алыптар туған топырақтан шыққан белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлы бас қалаға келіп, оқырмандармен кездесу өткізді.Оқушылар сарайында басталған жүздесу кейін Ұлттық академиялық кітапханада «Өлең жазып отырғанда, Құдайдың қолындағы жасындаймын!..» атты жыр кешіне ұласты. Тыныштықбек – әдебиетке әп дегеннен өз үнімен келген ақын. Оның өлеңдерінің мазмұны, бояуы ешкімге ұқсамайды. Алғашқы жыр жинағы «Ақшам хаттар» жарық көргенде әдебиетіміздің аузы дуалы тұлғалары сөз өнеріне өрнегі бөлек, шабысы ерек жыр жүйрігі келгендігін мойындады. Жазушы Әбіш Кекілбаев оның шығармашылығы туралы айтқанда «біртүрлі ақын» деген анықтама берген. Осы сөзге Әбдікәкімұлының бар болмысы сыйып тұр. Кеш барысында қаламгердің өмірі мен өнері жайында байыпты әңгіме айтылып, өлеңдері оқылды. Автордың өзі де оқырмандардың сұрақтарына жауап берді.
Сондай-ақ дәл осындай кеш Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жалғасты. Бұл шараны «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі ұйымдастырды. Кеште ақын шығармашылығы туралы жиналғандарға сөз қозғап, алдағы жоспарымен бөлісті. Тыныштықбек ағаның айтуы бойынша қазір он том болатын қолжазбасы дайын тұр екен, алдағы жылдары үш жыр жинағын шығару ойында бар екенін жеткізді. Сонымен бірге кездесуде студенттер ақын өлеңдерін оқып, жырсүйер қауымның шөлін қандырды. Талантты өнер иесі Кенжеғали Мыржықбай Семейден ат арытып келген құрдасының құрметіне әннен шашу шашты.
Кездесуде университет проректоры, белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы сөз алып, оқу ордасының басшысы Ерлан Сыдықовтың атынан ақынға шығармашылық табыс тілеп, университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен «Күлтегін» медалімен марапаттады.

Фарида КАРИМОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button