Оқырманнан он сұрақ

«Астанаға келгеніме еш өкінбеймін»

Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

– Таяуда ұлтымыздың маңызды мере­кесі Тәуелсіздік күнін тойладық. Әдетте сіз бұл күнді қалай атап өтесіз?

Самал, студент

1986 жылдың желтоқсанында мен Алматыда болғам. Көтерілісті көзіммен көргем. Бұл атышулы оқиға қазақ халқының басына қан­шама қа­сірет әкелді. Соның ішінде талай ұл-қыз­да­рымыздың қаны төгілді. Қан­шама жас жа­зық­сыз жұмыстан немесе оқу­дан қуылды. Сол бір кез әлі де кө­кей­­ден кетер емес. Еске түссе, жү­­рек­ке шан­шу­дай қадалады. Бұл – халық­тың асыл арманы мен мәң­гілік мақ­сат мұраты болған тәуел­сіздік жолын­дағы күрес күні. Бұл – бәріміз үшін ерекше күн. Бұл күннің маңыздылығын балама айтып отырамын. Әрине, еге­мен Қазақстанымыздың туы биік­тен көрінсін деп тілеймін. Жыл­дан-жылға, ғасырдан-ғасырға Тәуел­сіздік мерекесін тойлай берейік!

– Қызмет бабымен Астанаға келгеніңізді естіп жатырмыз. Қа­­зір не істеп жүрсіз? Алдағы жос­­пар­­ла­­ры­ңызды айтсаңыз.

Гүлжан, медбике

– Наурыз айында Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның шақыртуымен Астанаға келдім. Қазір сол жерде доцентпін. Жастарға эстрадалық әннен, өнерден сабақ беріп жатырмын. Өзіміз кезінде үлкен ағала­ры­мыздың көзін көріп, салған әнде­рін естіп, ақыл-кеңестерін тыңда­дық. Ендігі парызымыз – ал­дыңғы ағала­ры­мыздан алған үлгі-өнегемізді кейінгі жастарға үйрету. Айман Қожа­бек­қызына үлкен алғыс айт­қым келеді. Барлық жағдайымды жасап берді. Мұғалімдер күнінде екі бөл­мелі пәтерге ие болдым. Аста­на­ға келгеніме еш өкінбеймін, қатты ұнады.

– Сіздің жеке ән жинағыңыз шықты ма? Шықса қайдан алуға болады?

Дархан, банк қызметкері

– Шынын айтсам, осы уақытқа дейін әндерімнің альбомын шы­ғармаппын. Таныстарым да сұрап жатады. Бұрынғы және кейінгі ән­де­­рім­ді біріктіріп, келесі жылы мін­­дет­­ті түрде шығарамын деген ойдамын.

– «Гүлдер» ансамблінің керемет әншісі едіңіз, кейін біраз уақыт үлкен сахнадан көрінбей кеттіңіз… Болашақта үлкен кон­церттерден көре аламыз ба?

Айдана, оқытушы

– «Гүлдер» ансамблінде 19 жыл жұмыс істедім. Кейін Аты­рауға кеттім. Ол жақта өнерден қол үзгенім жоқ. Сол уақытта облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов болды. Оның өнер адамдарына үлкен қолдау жасағанын халық біледі. Ма­ған да «Елге қызмет жа­са» деп, бар жағдайды туғызды. Атырауда жастар ансамблін құрып, соның көр­кемдік жетекшісі болдым. Кейін ансамбль тарап кетті. Содан қайта Алматыға оралдым. Сахнадан кө­рінбей кеткенім туралы айтатын болсам, жылтыңдап теледидардан түспей қойсаң, халық та зерігеді. Әрі жастарға да орын беру керек. Бірақ, қай ән дауысыма келеді деп ұдайы ізденісте жүремін.

– Мақпал екеуіңіз орындаған «Ға­шықтар жырын» қазір Қай­рат Нұртас пен Ақбота Керім­бекова орындап жүр. Жаңа нұс­қа­сы сізге ұнай ма?

Зерде, студент

– Жаңа нұсқасын естімеппін. Негізінен, «Ғашықтар жыры» де­­ген әнді Кеңес Дүйсекеев Нағима Есқалиеваға арнап жазыпты. Ән­нің әуеніне, сөзіне қарағанда, Нағиманың табиғатына келіңкіре­мей­ді. Сосын ол әнді ансамбльге жаңадан келген жас әнші Мақпал Жүнісовамен орындап кө­рейін деп шештім. Содан алғаш рет «Тамашаның» концертінде орындадық. Елдің көңілінен шықты. Халық 30 жылдан бері осы әнді тыңдаудан жалыққан емес.

– Бір жылда бірнеше рет жеке концертін өткізетін әншілер бар. Білгім келетіні, сіз қашан елорда жұртын ән кешіңізге ша­қы­расыз?

Сәния, зейнеткер

– 2004 жылы Алматыға келіп, ердің жасы – елуге толуыма орай «Кездер-ай, ерке кездер-ай!» деген концертімді бердім. Содан бері біраз уақыт өтіпті. Бұйыртса, келесі жылы мерейтойлық концертімді өткізбекпін. Соған әзірлік биылдан басталып кетті.

– Өнер саласында жүргендерге, әсі­ресе, эстрада әншілеріне қа­тыс­ты айтылатын сын көп. Айты­ңызшы, сіздің эстрада жанрында орындалып жатқан әндерге көңіліңіз тола ма?

Қалжан, зейнеткер

– «Гүлдер» ансамбліне келгеннен кейін Ленинградта, қазіргі Санкт-Петербургте «Ленконцерт» жанындағы эстрада өнері шебер­ха­на­сында екі жыл білімімді жетіл­дірдім. Сонда мен көп нәрсені көңілге түйдім. Соның бірі кәсіби этика деген болады. Сахнада жүр­ген әріптестеріме құрметпен қа­раймын. Өз әріптесің туралы кө­ңілге кірбің түсіретін пікір айтудан аулақ болған жөн деп санаймын. Бір әріптесім жайлы «Неге олай, неге бұлай?» деуге хақым жоқ. Әр әншінің өз жолы, мәнері бар. Сын айтылу керек, әрине. Әрі содан нәтиже шығару керек. Жас әншілерді тәрбиелеп, жол көрсеткен дұрыс деп ойлаймын. Біз де кезінде шашымызды жалбы­ратып жүрдік. Сол кезде үлкен аға­ларымыз «біреулерге еліктейді» деп сынап жататын. Қазір де солай. Уақыты келгенде әркім өзі тү­сінеді. Жақсылары озады, нашар­лары қа­лып қояды. Кейбір жас әріп­тес­те­рі­ме ішімнен дауыстарына қарап «Е, ұзақ­қа бара­тын әнші екен» деп баға беріп отырамын. «Ана әнші әнші емес, жаман» деп пікір айту мәдениеттілікке жатпайды.

– Гитарадан басқа қандай ас­пап­тарда ойнай аласыз? Сахна­ға домбырамен шығу ойыңызда жоқ па?

Шынар, студент

– Домбыраны аздап шертетінім бар. Ал, гитараға деген қызығушы­лы­ғым­ның өзі қызық. 1969 жылы көршіміз әскерден гитарамен оралды. Әлгі жігітке таң қаламыз, біз үшін ұлы музыкант сол, қасынан шықпаймыз. Мен де бес-алты аккордты үйреніп алдым, өзімше еліктеп ән айтамын. Бір күні анам маған жеті шекті қызыл түсті гитара сатып әперді. Содан бастап гитарада ойнай аламын.

– Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз…

Гүлнәр, жас маман

– Жұбайым Айгүл екеуміз Әли­нұр атты ұл тәрбиелеп отырмыз. Баламыз 4-сыныпта оқиды. Айгүлдің мамандығы – заңгер.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button