АСТАНАҒА ЖҰРТ АҒЫЛЫП ЖАТЫР
Астана – арнасынан асып-тасып аққан асау өзен секiлдi. Қалаға келушiлер қатары күннен-күнге артып келедi. Мұнда тiршiлiк ауқымы кеңейгендiктен, жаңа қажеттiлiктер туындайтыны анық.
Елордамыздың тартымды болғаны сондай, жыл сайын мұнда орта есеппен 50 мыңдай адам тұрақты тiркеуге тұрады екен. Келiп, қоныстанушылардың 3 пайызы шетелдiктер болса, қалған 97 пайызы – өз отандастарымыз. Яғни, республиканың басқа аймақтарынан келiп жатқандар. Деректер осылай дейдi.
Тұрғындарының жасы жағынан Астана әлемдегi ең жас қалалардың сапына кiредi. Мұнда азаматтардың орташа жасы – 32.
Осыған қарап-ақ, елордаға негiзiнен еңбекке қабiлеттi жастар келiп жатқанын пайымдауға болады.
Астана қалалық көшi-қон департаментi директорының орынбасары Бейiмбет Үсiпбековтiң айтуынша, көшiп келiп, елордалықтардың санын көбейтiп жатқандар әуелгiде Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарының тумалары болған. Алматы жақтан келгендердiң легi де олардан кем түспептi. Өйткенi, Астана – елiмiздiң саяси-басқару орталығы. Осыған орай, бұрынғы астанадан көшiп келген мемлекеттiк органдар өз құрамындағы қызметкерлерiн де қалдырмады. Оның сыртында, билiкке, саясатқа қатысы болмаса да, өнерi мен еңбегiн орталықтан таратпаққа мәдениет, спорт, ғылым мен өнер саласының өкiлдерi де осында көш басын бұрды.
Кейiнгi жылдарда келiстi шаһарымызға Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Алматы облыстарынан келушiлер көбейе түскен. Себебi, Астана – үлкен құрылыс алаңына айналды. Әртүрлi санаттағы құрылысшыларға, жұмыс күшiне қажеттiлiк туды. Тұрғындары көбейiп, күнделiктi тұтыным артқандықтан, жекелеген сауда көзiн ұстанғандар да күнкөрiс үшiн елорданы бетке алды.
Биыл, яғни, 2012 жылдың 9 ақпанындағы Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтiң халыққа есеп беру кездесуiнде мәлiмдегенiндей, қазiр елордамыздағы кеткендер мен келгендердiң арақатынасын айырып есептегенде, қаламызға орта есеппен жыл сайын 40 мың адам келiп, қоныстануда. Бұл – демографиялық өсiмнiң басқа тiректерiн айтпағанда, қала халқы жыл сайын 40 мың адамға толығып жатыр деген сөз.
Осындай көшi-қонның нәтижесiнде қала тұрғындарының саны елорда ауыстырылған жылдары небәрi 200 мың адамды ғана құраған болса, бүгiнде 700 мыңнан асып түскен. Кейбiр деректер бойынша, бұл көрсеткiш 730,8 мыңды құрайды. Бұл қалада тұрақты тұратындардың саны. Ал күнделiктi елордаға әртүрлi шаруамен келiп, бiрнеше ай, тiптi бiрнеше жыл тұрақтап қалып жатқандар тағы бар.
Уақытша тұрақтағандардың қатарында қалаға келушiлердiң 3 пайызын құрайтын шетелдiктер де бар. Мәселен, «Халықтың көшi-қоны туралы» заң бойынша, қалаға келген күннен бастап шетелдiктер негiзiнен 5 күннiң iшiнде Астана қаласы iшкi iстер департаментiне өз құжатын тiркеуге мiндеттеледi. Бұған дейiн Қырғызстан азаматтары тiркелмей-ақ 90 күн, ал Тәжiкстан азаматтары 30 күн елiмiзде жүре алатын болса, ол жеңiлдiк те заңнан сызылып тасталған.
Әлеуметтанушылардың пайымдауынша, Астанаға негiзiнен кеудесiнде арманы көптер келедi. Мұндай тартымдылығы жағынан қаламыз Алматының өзiнiң алдын ораған. Бұған ҚР Статистика агенттiгiнiң төрағасы Әлихан Смайыловтың 2010 жылы журналистер үшiн өткiзген брифингте: «Аумақаралық ауысулар бойынша халық көшi-қонының оң сальдосы елдiң төрт аймағында байқалуда. Олардың iшiнде ең көбi – Астана және Алматы қалаларында. Астанада бұл 25 мыңды құраса, Алматыда 18,3 мың» дегенiн алға тартуға болады.
Расында да, Астананың халқы арнасынан тасып аққан үлкен дарияны елестетедi. Елiмiздiң басқа аумақтарынан келiп қоныстанушыларды балабақша, мектеп, емхана және ең бастысы – баспанамен қамтамасыз ету үшiн қала бюджетiне жыл сайын қосымша 100 миллиард көлемiнде қаражат қажет болып жататыны да осы себептен.
Нәзира БАЙЫРБЕК