Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астаналықтар қайда шомылады?

Жаз мезгілінде қалалықтардың бос уақыты көп. Әсіресе асыр салып, аулаға сыймайтын ойын балалары суға шомылуға әуес. Көпшілік жаздың ыстық күндерінде өзен мен көлдерді жағалайтыны белгілі. Жыл сайын 1 маусым қалада шомылу маусымы ашылады. Ал шомылу маусымында елордалықтар мен қала қонақтары қай жерлерге суға түсіп, демалады? Астана маңындағы қай өзен-көлдер қауіпсіз? Қандай жағажайлар қарастырылған?

Рұқсат етілген төрт жағажай бар

Елордада суға түсуге рұқсат етілген төрт жағажай бар. Оның үшеуі ақылы. Біріншісі – Астана саябағындағы жағажай. Ол Есіл ауданы, Тұран көшесінде орналасқан. Бұл қалалық жағажай сағат 10.00-19.00 аралығында қызмет көрсетеді. 16 жасқа толмаған жеткіншектерге ересектермен ғана кіруге рұқсат. Кіру құны 4-тен 15 жасқа дейінгі балаларға – 500 теңге. Зейнеткерлерге, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кіру тегін. Суға түсіп шыққаннан кейін демалушылар алты кабиналы себезгі (душ) тұрған жерге барып, шайына алады. Ашық аспан астында аяқ-қол жууға арналған орын да бар. Киім ауыстыратын бөлме де қарастырылған. Футбол, волейбол ойнайтын спорттық алаң да – демалушылар құзырында. Екінші рұқсат етілген жағажай Есіл өзені бойындағы «Три Пескаря» қонақ үй кешенінің аумағынан орын тепкен. Аталмыш демалыс орны Сарыарқа ауданындағы Көктал тұрғын алабы, Еңлік-Кебек көшесі, 11 мекенжайында орналасқан. Ал үшіншісі – Есіл өзені бо¬йындағы «Столичный двор» демалыс орны аумағындағы жағажай. Мекенжайы: Алматы ауданы, Күйгенжар тұрғын алабы, Атақоныс көшесі, 20Б. Аталған  екі жағажайға кіру құны – 7-ден 12 жасқа дейін балалар үшін 1000 теңге. Төртіншісі – Шабал Бейсекова көпірі ауданындағы коммуналдық жағажай. Бұл кейіннен ашылған жағажай, содан болар, тұрғындар үшін жағдай жасалмаған. Кіру тегін. Аталған су айдындарының рұқсат етілген және тыйым салынған учаскелерінің тізбесі «2gis» картографиялық платформасында орналастырылған. Бірақ бұл жағажайлар миллионнан аса тұрғыны бар мегаполис үшін тым жеткіліксіз. Сондықтан жағдайы бар отбасылар шетелге барып демалуға әуес.

Жекеменшік көп, бассейн бағасы әркелкі

Сонымен қатар қала ішінде Ailand, Sky Beach Club және «Оазис» жағажай клубы сияқты жекеменшік иеліктегі демалыс орындары бар. Мысалы, орталық саябақтағы «Оазис» жағажай клубы – ашық аспан астында, таза ауада шомылуға арналған Астанадағы бірден-бір бассейн. Орналасқан жері тиімді болғандықтан, мұнда келушілер қатары қалың. Аталмыш кешенде үш бассейн қарастырылыпты. Оның біріншісі кішкентай бүлдіршіндерге арналған, тереңдігі – 20 см. Ал үлкен балаларға арналған екінші бассейннің тереңдігі – 1,5 метр. Бір уақытта бұл жерге 200 адамға дейін сыяды екен. Сейсенбі-жексенбі күндері сағат 11.00-21.00 аралығында, ал дүйсенбі күні сағат 14.00-ден 21.00-ге дейін қызмет көрсетіледі. Кіру билетінің құны жұмыс күндері 4-тен 12 жасқа дейінгі балаларға – 4000-5000 теңге. Демалыс күндері бағасы балалар үшін 6000 теңгеге дейін көтеріледі. Ал 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге кіру тегін. Келушілерге шезлонгтар, матрастар, сүлгілер және үрлемелі дөңгелектер тегін ұсынылады.

Балалардың сүйікті орындарының бірі – жабық ғимаратта орналасқан Ailand аквапаркі. Үлкенге де, кішіге де ұнайтын бұл жерге келушілердің қатары қалың. Жұмыс күндері 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға кіру құны – 5000 теңге, 13-тен 17-жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін 6000 теңге. Демалыс күндері баға мың теңгеге көтеріледі

Балалардың сүйікті орындарының бірі – жабық ғимаратта орналасқан Ailand аквапаркі. Үлкенге де, кішіге де ұнайтын бұл жерге келушілердің қатары қалың. Жұмыс күндері 3-тен 12 жасқа дейінгі балаларға кіру құны – 5000 теңге, 13-тен 17-жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін 6000 теңге. Демалыс күндері баға мың теңгеге көтеріледі. Халат, сүлгілер жиынтығы сияқты шомылуға арналған заттар және шезлонг тегін беріледі. Дүйсенбі-жексенбі күндері сағат 10.00-21.00 аралығында жұмыс істейтін Sky Beach Club-қа кіру бағасы – балалар үшін 7 мың теңге. Хан Шатыр ойын-сауық орталығының 5-қабатында орналасқан аталмыш демалыс орны келушілерді, әсіресе, Мальдив аралдарының экзотикалық жылы құмымен қызықтырады деседі. Одан бөлек, балалар үшін «Алатау», «Астана» секілді спорт кешенінде орналасқан бассейндер бар. Мәселен, «Алатау» кешенінде балаларға арналған екі бассейн бар. Оның біріншісі кішкентай бүлдіршіндерге арналған, тереңдігі – 50 см. Ал үлкен балаларға арналған екінші бассейннің тереңдігі – 1,2 метр. Кіру құны балалар үшін 1000 теңге болса, «Астанадағы» баға 800 теңгені құрайды.

Қала іргесіндегі өзен-көлдер

Астананың айналасында тұзды суға шомылып демалыс іздегендерге таптырмайтын жерлер бар. Мысалы, солардың бірі – Сарыоба көлі. Ол үлкен және кіші болып екіге бөлінеді екен. Демалушылардың басым бөлігі үлкеніне қарай ағылатын көрінеді. Ал Үлкен Сарыоба көліне Қарағанды тас жолы арқылы баруға болады. Қашықтығы – 85 шақырым. Көл жағалауында қамыс өспейді. Айналасы құм. Ортасына қарай көл тереңдей береді. Сондықтан суға түсерде балаларға ескерткен жөн. Үнемі аңызақ жел есіп тұратындықтан, жиналмалы шатырларды, үйшіктерді алып барған дұрыс. Сол сияқты Астанадан 40-45 шақырым ғана қашықтықта орналасқан Сарыкөл ауылындағы Тұз көлінің емдік қасиеті бар көрінеді. Бірақ бұл көлдің суының құрамын мамандар әлі анықтамапты. Сонымен қатар, қала іргесіндегі «Чистые пруды», «Алтын қырғауыл» («Золотой фазан»), «Бейбарыс», «Балқарағай» сияқты және басқа да шипажайларға, демалыс орындарына баратындар қатары аз емес. Әлбетте, бұл орындардың барлығында да жанға жайлы жағдай жасалған. Бірақ оның бәрі ақылы болғандықтан, оны біреудің қалтасы көтерер, ал айлығы шайлығына жетпей жүрген ортанқол отбасылардың шамасы келе бермейді. Сондықтан олар шомылуға арналған тегін жерлерді қарастырады.

 Субұрқақта шомылуға болмайды

Астанада аптап ыстық басталысымен балалар асыр салып, субұрқақтарды  шомылуды бастап кетті. Әбден ыстықтаған балаларға «Субұрқақта шомылуға болмайды» деген тыйым тіпті әсер етпеген тәрізді. Жалпы қаладағы субұрқақтардағы су шомылуға арналмаған. Бұл туралы Астана қаласының санитарлық-эпидемологиялық бақылау департаменті хабарлайды.

«Субұрқақтағы су жиі жаңартылмайтынын ескерген жөн. Осыған байланысты вирустық және паразиттік ауруларды жұқтыру қаупі жоғары. Сондай-ақ субұрқақта қаңғыбас иттер мен құстар шомылады. Олар әртүрлі инфекциялардың қоздырғышы болуы мүмкін. Оның үстіне, жоғары ауа температурасында судағы микроорганизмдер тез көбейеді. Сондықтан субұрқақта шомылу суық тию қаупімен ғана емес, өткір ішек инфекциясына немесе конъюнктивитке де әкелуі мүмкін. Энтеровирустық және ротавирустық инфекциялар, А вирустық гепатиті де үлкен қауіп төндіреді» дейді департамент мамандары.

Қауіпсіздік қалай сақталған?

Қала іргесіндегі өзен-көлдерге бүкіл қала жұртшылығының аяғы жете бермейді. Сондықтан олар рұқсат етілмеген су арналарына шомылуға мәжбүр. Суға шомыламын деп қызық қуған балалардың көпшілігі қауіптің қайдан келерін естен шығаратыны да түсінікті. Араларында қауіпсіздік ережелерін қаперіне ілмейтіндер де бар. Соның салдарынан суға кетіп, өлім құшып жатқандар да жоқ емес. Еске салсақ, былтыр қалада 6 адам суға батып кеткен. Оның 5-еуі – балалар. Ал биыл шомылу маусымы басталғалы бері Астанада бір адам суға кетіп, жан тапсырған.

Әрине, оқыс оқиғалардың барлығы қарапайым ережелерді сақтамағандықтан туындайды. Немқұрайлылық пен салғырттықтың салдары қайғылы жағдайларға әкеліп соқтыратыны анық. Елордадағы орталық жағажайдың құтқарушылары да жағажайға келген қала тұрғындары тиісті белгілерге құлақ аса бермейтінін, белгіленген аймақтан асып шомылатынын, қауіпті орындарда шомылуға әуес екенін баса айтады. Сондай-ақ қайғылы оқиғалардың қайталануына жағажайларда алкогольді ішімдік ішу, өз күшін бағаламау және ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы себеп болады.

Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Азамат Жұмекешов шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Шомылу маусымы кезеңінде Астана қаласы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары» әзірленіп, қала әкімдігімен бекітілгенін айтады.

«Күн сайын рейдтік іс-шараларға құтқарушылар, полицейлер, еріктілер, жұмыспен қамту орталығының қоғамдық қызметкерлері жұмылдырылады. Олар шомылуға рұқсат етілген орындар және судағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтау туралы азаматтарды, әсіресе балаларды хабардар етеді. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар қаупі төнген немесе туындаған кезде тиімді басқару шешімдерін қабылдау мақсатында шомылуға тыйым салатын 21 учаскеде қосымша бейнебақылау камералары орнатылды. Шомылу маусымында күнделікті патрульдеуге 50 сүңгуір-құтқарушы, 15 бірлік сүңгуірлік жарақтары бар жедел-құтқару техникасы, 6 бірлік жүзу құралдары (2 кеме, 4 қайық) тартылады.

Қауіпсіздік ережелері демекші, әрбіріміз қауіпті жағдайларда не істеу керектігін білгеніміз абзал. Атап айтқанда, ең әуелі суға шомылатын жерді, судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз. Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз. Суға тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылыңыз. Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып, қалтырауға дейін жеткізбеңіз. Қоршау белгілерінен тысқары аумаққа шықпаңыз. Келе жатқан катерлерге жақындап жүзбеңіз. Оларда ескіш винтіне тартып әкететін ағыс бар. Онымен қоса, суда аяқ-қолды ұстап, қимылды тежейтін ойындар ойнауға болмайды.

Қауіп қашан да аяқ астында. Ойын қуған бүлдіршіндер үшін аса мән беру керек. Ал кез келген апатты жағдайдың алдын сақтық шараларын қатаң түрде ескеру арқылы алуға болады. Сондықтан суға барсақ, сақ болайық.

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button