Астаналық әншінің асуы
Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның эстрадалық вокал бөлімінің әншісі Айдын Жұмабаев Қазан қаласында өткен «Қазандағы Шығыс базары» атты халықаралық фестивалінде жүлделі І орын иеленді.
Атырау облысы Сарытоғай дейтін кішкентай ауылда дүниеге келген Айдын 9 сыныпта оқып жүргенде Халықаралық әйелдер күніне орай мектепте өткен концертте «Вальс королі» Шәмші Қалдаяқовтың көрнекті ақын Ғафу Қайырбековтің өлеңіне жазылған «Ана туралы жыр» әнін орындап, өнерге деген махаббаты оянды. Содан кейін «Абай оқуларына» ауданның атынан қатысып 1-орынды жеңіп алды.
Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық колледжде оқыды. Сонда оқи жүріп, көптеген концерттерге, шеберлік сабақтарына қатысып, өнерін шыңдады. Әсіресе, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Ғафиз Есімовтің дәрісі есіңде жақсы сақталды. Атырауда жүрген кезде белгілі композитор Болат Қоқамановтан тәлім алды. Қазақ эстрадасына келуіне себепкер сол кісі болды. Ал Астанада белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиевтен оқыды.
Бұған дейін әнші бірнеше халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды. Атап айтқанда, Болгария, Чехия, Латвия, Ресей, еліміздегі байқаулардың бас жүлдегері болды.
«Осы жолы өзім қатысқан байқаудың мақсаты – Шығыс елдерінің мәдениетін, халық әндерін дәріптеу, шығыс елдерін біріктіру. Оған Өзбекстан, Татарстан, Қазақстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Катар, Сауд Арабиясы, Африка елдерінің өнерпаздары қатысты. Бұл байқауға баруыма қолдау көрсеткен өзім қызмет етіп жүрген Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының басшысы Ерлан Дәкеновке және көркемдік жетекшісі Гүлмира Құттыбадамоваға үлкен алғысымды білдіремін» дейді Айдын Жұмабаев.
Аманғали Қалжанов