Астаналық актердің жеңісі

Австралияның Брисбен қаласында өткен, Азияның «Оскары» саналатын «Asia Pacific Screen Awards» (APSA) атты Азия кеңістігіндегі ең басты халықаралық кино сыйлығында қазақ киносының қоржыны үш бірдей жүлдемен толықты. Соның бірі – Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрының актері Әлішер Исмаиловтың еншісінде.
Режиссер Асхат Кученчерековтің «Бауырына салу» фильмі «Ең үздік жастар картинасы», Айсұлтан Сейітовтің «Қаш» фильмі «Ең үздік операторлық жұмыс» (қоюшы-операторы – Азамат Дулатов), ал Әлішер Исмаилов жас актер Айбар Салымен Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» фильмінде бейнені сомдап, «Ең үздік жаңа орындаушы» аталымында топ жарды.
Бұл жаңалықты Әлішердің ұстазы, Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров сүйіншіледі. Оның айтуынша, шәкірті бұл қуанышты Алматы қаласындағы 5571-әскери бөлімде өзінің азаматтық-әскери борышын өтеп жүріп естіді. Былтыр қараша айында елордадағы театрда еңбек етіп жүрген жерінен Астана қаласы Сарыарқа ауданы әскери комиссариатының шақыртуымен әскерге шақырылған еді. Бір айдан кейін әскери азаматтық борышын аяқтап, өзінің туған ұжымына оралады.
Жалпы Әлішер Исмаилов – отандық көрермен, әсіресе жастар арасында өте танымал актер. Соңғы 3 жылда «Тағы бір тоқсан» («Gakku» арнасы, 2020), «Ағайындылар» фильмі (2021), «Барыс Generation» телехикаясы («Хабар» арнасы, 2021), «Симптомдар» телехикаясы («Хабар» арнасы, 2020), «Ойыншы» web-сериалы (2022), «Тайталас» («Almaty» арнасы, 2022), «Әке» («Qazaqstan» ұлттық арнасы, 2022), т. б. фильмдер мен телехикаяларда сомдаған бейнесі Әлішер Исмаиловты көрермен ықыласына бөледі. «Ағайындылар» фильміндегі басты рөлі – халықаралық кинофестивальдерде алған 8-жүлдесі.