Мәдениет

Астаналық филармония: концерттер, гастрольдер, фестивальдер

Биыл Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония жүзден астам шара өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәслихаты барысында баяндаған филармония бас директоры Ерлан Дәкенов алда өтетін концерттер мен гастрольдер жоспарымен бөлісті.

Филармония сах­насында халық­тың сүйіспеншілігіне бөленген бағдарламалар, елордалық концерттік ұйымға қарайтын он екі ұжымның жаңа авторлық жобалары да өтеді. Оның басы өткен қаңтар айын­да басталды. Атап айтқанда, «Академиялық вокал» бөлімі көрнекті қомпозитор, КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиевтің шығармашылығына арналған «Таң самалы» концертін ұсынды.

Қазақ оркестрі күнтізбелік жылын «Күй атасы – Құрман­ғазы» концертімен ашады. Одан кейін Ахмет пен Ғазиза Жұбанов­тарға арналған концерт дайындығына кіріседі. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай филармония орындаушылары «Есіңе мені алғайсың…» концертіне қатысады. «Халық әні» бөлімі Ақан серінің 180 жылдығына арналған «Дала дәстүрі» кешін әзірлеп жатыр, ал симфониялық оркестр композитор Мұқан Төлебаевтың 110 жылдығына орай концерт береді.

Жақында «Alem» зама­науи хореографиялық балеті «Solo» атты пластикалық дивертисмент-спектаклінің ­премьерасын өткізеді. Камералық хор бірнеше бағдарламаны, соның ішінде шақырылған қонақтар – Германиядан келетін балалар хорымен бірлескен концерт өткізуді жоспарлап отыр. Үрлемелі оркестр биыл «Құдіретті комедия», «Су әлемінің музыкасы», «Тik-tok» және т. б. концерттерін ұсынбақ.

Филармония 2023 жылға ауқымды гастрольдік тур картасын жасады. «Сарыарқа» халық музыка ансамблі мен «Шалқыма» халық би ансамблі Люксембургке барады. Ғ.Жұбанова атындағы мемлекеттік ішекті квартет Францияда өтетін «La Cle des Portes» фестиваліне қатысады.

Ұжымдардың жоспарында Қазақстан бойынша да гастроль­дік сапарлар бар. «Халық әні» бөлімінің әншілері Бұқар жы­раудың 355 жылдығына арналған «Дала дәстүрі» бағдарламасымен Қарағанды, Жезқазған қалалары мен Қарқаралы, Жаңаарқа аудандарында, ал үрлемелі оркестр Петропавл, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, т. б. шаһарларда концерт береді.

«Филармонияға экскурсия» жобасы қаланың мәдени өміріндегі қызықты оқиға болмақ. Онда барлық ниет білдірушілер концерттік мекеменің өмірімен танысып, музыка қалай туатыны туралы және балалар аудиториясын тартуға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, жас таланттарды қолдауға бағытталған «Балалар абонементі» жайында толығырақ біле алады.

Астананың биылғы 25 жылдығына орай филармония қаланың жетекші концерттік ұйымы ретінде қала кеңістігінде ашық аспан астында көптеген фестивальдер мен шаралар жоспарлады. Ұлттық домбыра күніне орай Құрманғазының 200 жылдығына арналған филармония шеруі өтеді. Астана күніне арналған ауқымды музыкалық фестиваль ұйымдастырылады. Оған филармонияның барлық ұжымдары мен шақырылған өнерпаздар қатысады. Сондай-ақ «Астана дауысы» фестивалі, Манарбек Ержанов атындағы республикалық байқау, алғаш рет ашық «Заманауи би фестивалі» республикалық телевизиялық жобасы және басқа да көптеген шаралар өткізіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button