ӘлеуметБасты ақпарат

Астаналық кәсіпорынның өнімі – сұраныста

Елордада отандық өнім өндірушілердің саны артып келеді

Президент Қасым-­Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керегін айтып, Үкіметке тапсырма берген болатын.

Мемлекет басшысы тапсыр­масының қалай орындалып жатқанын көрсету мақсатында «Даму» қоры мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде қаржылық қолдау іс-шаралары қалай жүзеге асып жатқанын таныстырып, БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырды.

Тур барысында отандық өндірістің дамуы мен өсуіне күш салып келе жатқан кәсіп­орындарды аралап, «Ocean child» ЖК – балаларға арналған сауықтыру орталығы мен «Анель» ЖК – пайдалы нан-тоқаш өнімдерін өндіру цехына, «Соулфлай» ЖШС – сәндік бұйымдар өндірісі орталығы мен «Фирма Аль и КС» ЖШС – ұн және макарон өнімдерін өндіру зауытына бардық.

Жалпы биыл «Даму» қоры Астана қаласы бойынша шағын және орта бизнес өкілдерінің 1658 жобасына жалпы сомасы 69,6 млрд теңгеге қаржылай қолдау көрсеткен. Оның ішінде субсидиялау бойынша 57,1 млрд теңгеге 998 жобаны, кепілдік беру құралы бойынша 12,5 млрд теңгеге 660 жобаны қаржыландырып, 146 жобаға 11,3 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берген.

«Даму» қорының Астана қаласы бойынша өңірлік филиа­лының директоры Светлана Назарюк қазіргі таңда елордамызда «Астана бизнес-2» өңірлік бағдарламасы жұмыс істеп тұрғанына тоқталып, аталған бағдарлама бойынша Астана қаласында тіркеліп, жобасын осы қалада жүзеге асыратын кәсіпкерлер 7 пайыз­бен несие алу мүмкіндігіне ие екенін атап өтті.

– Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік саясат аясында, ұлттық даму институты ретінде, «Даму» қоры өңірлердегі кәсіпкерліктің дамуына барынша ықпал етеді. Ал біз арқылы жүзеге асып отыр­ған бағдарламалар экономика тұрғысынан елімізге көп пайда алып келуде. Мысалы, 2010 жылдан қазірге дейін өңірімізде мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер 17,5 мың жұмыс орнын ашып, мемлекетке 651 млрд теңге салық төледі, – деді Светлана Назарюк.

Сонымен қатар пресс-тур барысында аталған қордың нақты қолдауын көріп отыр­ған кәсіпорын жұмысымен танысып, 2012 жылы құрылған «Фирма Аль и КС» ЖШС-ке де ат басын бұрдық. Бұл компания тек таңдаулы шикізаттан жоғары сапалы ұн шығарады. Басты артықшылығы – ұн құрамындағы астықтың барлық компонентін сақтай отырып нан шығару екенін айтқан компания негізін қалаушы Меделбек Ағыбаев әрі қарай бізге компания жұмысын
таныстырды.

– Біз 2023 жылы «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Қазақстан халық банкінен» 270 миллион ақша алдық. «Даму» қоры несие пайызын субсидиялап, кепілдік беру арқылы қолдау көрсетті. Бұл қаражат глютенсіз макарон өнімдерін өндіруді бастау үшін заманауи жабдық сатып алуға жұмсалды. Қазіргі таңда зауытымыз жұмыс істеп тұр. Сағатына 200 кг шамасында өнім шығарып жатырмыз. Біздің өнімдер – отандық өнімдердің ішінде қарақұмықтан, күріштен, жүгеріден өндірілген табиғи ұн өнімдері. Мұның адам ағзасына пайдасы зор. Сондықтан алдағы уақытта шет мемлекеттерден тапсырыс көп түседі деген сенімдеміз. Әрі еліміздің ішінде де біздің өнімге деген сұраныс күннен-күнге артып келе жатыр, – деді ол.

Бұдан кейін 2018 жылдан бері Gastronomy LAB брендімен пайдалы нан-тоқаш өнімдерін өндіріп отырған «Анель» жеке кәсіпкерлік компаниясына бардық.

Компания жетекшісі Анель Рзина өздерінің өндіріп отыр­ған өнімдерін таныстыра келе: «Біз нан өндірісінде жиі кездесетін жасанды ашытқылардан, консерванттардан және басқа химиялық қоспаларсыз пісіреміз. Наубайханада нан өндірудің бүкіл процесі тірі ашытқыны қолдана отырып, ұзақ табиғи ашыту әдісіне негізделген, бұл нанға ерекше дәм мен текстураны алуға ғана емес, сонымен қатар сапаны жоғалтпай, ұзақ сақтау мерзімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» дейді. Сондай-ақ ол қазіргі таңда компанияда 8 адам жұмыс істейтінін, 2024 жылы өндірісті кеңейту, наубайхана цехы үшін жаңа жабдық сатып алу үшін кәсіпкер «Банк Центр Кредиттен» несие алып, «Даму» қоры несие пайызын субсидиялап, кепілдік беру арқылы қолдау көрсеткенін атап өтті.

– Алғаш рет бұл кәсіпті шағын наубайханадан бастаған болатынмын. Ол кезде күніне 50 нан сататынмын. Қазіргі таңда күніне 3000 нан өндіріп, дүкендерге таратып отырмыз. Әрине, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқандықтан, осынша жетістікке жетіп жатырмыз. Алдағы уақытта өнімдерімізді нарыққа шығару аясын кеңейте түсеміз деп ойлаймын, – дейді компания жетекшісі.

Аталған екі нысаннан кейін полистиролдан сәнді люстралар, шайыр тұтқалары мен кофе үстелдері, антикварлық айналар жасап шығаратын «Соулфлай» ЖШС-ке бардық. Ерлі-зайыптылар бірігіп жүргізетін бұл компанияның да жұмысы күннен-күнге жанданып келеді екен. Компания иелері бұл бір жағынан сүйікті жұмысы екенін, екінші жағынан сол арқылы ақша тауып отыр­ғанын айтады.

«Даму» қоры арқылы дамуға жол алғандардың қатарында Әлия Болатқызы ашқан «Ocean child» емдеу-­сауықтыру орталығы да бар. Аталған орталық 2022 жылдан бастап балаларға қолжетімді және инклюзив кеңістік құрумен айналысады. Әрі бұл орталық денсаулықты нығайтуға, иммунитетті сақтау­ға және балалардың жағымды әдеттерін қалыптастыруға ықпал ететін жүзу және массаж қызметтерін ұсынады. Компания жұмысының маңызды бағыты – дені сау балаларға ғана емес, ерекше қажеттілігі бар балаларға да қолжетімді қызмет көрсету. Қазір компанияда 11 адам жұмыс істейді. Қызмет көрсету сапасын арттыру және өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін команда мен инфрақұрылымды одан әрі кеңейту жоспарланып отыр.

Осылайша «Даму» қорының қолдау тетіктерімен, сондай-ақ оны жүзеге асыру жолдарымен танысып, кәсіпкерлердің жетістіктері мен жұмыс істеу барысын өз көзімізбен көріп, пресс-турды аяқтадық.

 Шапағат ӘБДІР

Суреттерді түсірген

Алина ИМАМБАЕВА

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button