Әлеумет

Астаналық… Ол кiм?

Нағыз астаналық деп кiмдердi айтамыз? Олар ұлы көшпен бiрге келiп, асқақ елордамыздың iргесiн бiрге қаласып, гүлденуiне ат салысып жүрген мемлекеттiк қызметкерлер ме? Әлде бертiн келе, iшкi миграцияның арқасында орталық қалаға ағылып келiп, болашағын жаңа жермен ұштастырғандар ма?
Мүмкiн, Сарыарқа топырағында кiндiк қаны тамып, алды азамат болып қалған жаңа ұрпақ шын астаналықтар шығар?! Бiрақ, бұл аса маңызды емес. Астанаға аяқ басқан әрбiр адам, қаланың жаңа рухына жiгерленiп, осы жердiң, осы елдiң бiр бөлшегiндей сезiнедi. Ендеше, осындай жандарды неге нағыз астаналық демеске?!
Әйтсе де, сол топтың ортасында кешегi ақмолалықтарды кездестiре қалсам, әңгiмесiн тыңдағанды ұнатамын. Себебi олардың көз алдында туған қаласы елорда атанып, өздерi де адамзат тарихында жиi бола бермейтiн құбылыстың басты кейiпкерлерiне айналды. Әрқайсысының өмiр дастанында ұлы өзгерiстердiң iзi бар. Көбi жаңа жағдайға еркiн құлаштап, Астанаға ат арытып келгендерге жөн көрсете бiлсе, өзiн-өзi жоғалтып алғандар да жоқ емес.
Иә, бүгiнгi Астана кешегi Ақмола емес.
– «Бұрындары көшеге шықсам, бiр танысымды кездестiретiнмiн. Базарға барсам, бүкiл ағайын-туыс, ауыл-аймақтың адамдарын көрiп, бiр жасап қалатын едiм. Қазiр қайда барсам да, бөтен адамдар. Жүзiне үңiлiп, ұқсастық iздеймiн. Бiздiң жақтың адамдарына ұқсамайды. Қазiр солардың сөз саптауына қарап, қай жақтан келгенiн тура айтатын болдым. Бiр сөзбен айтсам, жергiлiктi халық бiр сәтте жоқ болып, жаңа астаналықтардың арасында ыдырап кеттi». Бұл – Даниярдың сөзi.
– «Мен – Талапкерлiкпiн. Астанаға алғашқылардың бiрi болып табан тiреген жоқпын. Өзiм қатарлы достарым жаңа жерге тамырлап, баспаналы болып жатқанда, әлiптiң артын бағып жүрiп қалдым. Ақырында мен де азын-аулақ малымды сатып, нәсiп iздеп, елордаға келдiм. Ауылдағы үйiм бос тұр. Сатсаң – пұл болмайды, тiптi, қыста от жағып, қарауыл болатын адамды тағы таппадым. Бәрi жұмыс бар деп осында ағылып келiп жатыр.
Берiктiң үлкен қаланың қым-қуыт тiрлiгiнен шаршағаны көрiнiп тұр.
– «Әжемнiң үйi «сносқа» кеттi де, аяқ астынан жаңа пәтерге көштiк. Қандай тамаша! Жоғары бiлiмiм жоқ. Жеңiл мәшинем бар, кiсi тасимын. Астананы бес саусағымдай бiлемiн десем болады. Алайда күнделiктi өзгерiп жатқаны да рас. Оны бiлген сайын, жаңалық ашқандай қуанып қаламын. Әр жолаушыны алыстан келген туысымдай көрiп, айтқан жерiне тез жеткiзiп тастаймын. Менiң бiр үйренбеген нәрсем – әсiресе, оңтүстiк жақтан келгендер, жолақысын кесiп айтсам да, жүз теңгеге болса да түсiруге тырысады. Менiңше, бұл қаражаттың тапшылығынан емес, қалыптасқан әдет сияқты». Рас, сәтi түсiп, Мараттың мәшинесiне мiне қалсаңыз, ақкөңiл жiгiттiң көңiлiне риза болып, жүз теңге қосып бергiң келiп тұрады.
Мiне, бұлар – «нағыз астаналықтар». Олар әртүрлi, бiрi жайдары, бiрi көңiлсiз, бiрiнiң айдарынан жел есiп, бiрiнiң салы суға кетiп жүр…
Айгүл УАЙСОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button