Астаналық педагогтар балалар журналының авторымен кездесті
Елорданың Білім басқармасының ұйымдастырумен 103 орта мектебінде «Айгөйлек» журналының авторы Қымбат Әбділдақызы қала педагогтарымен кездесу өткізді.
Жарты күнге созылған рухани кеште белгілі журналист алдымен ұстаздарға арналған «Сіз мұғалімсіз бе, ұстазсыз ба?» тақырыбында дәріс оқып, ұлы мамандықтың артықшылығы мен жауапкершілігі жайлы сөз қозғады.
Екінші бөлімде Қымбат Әбділдақызы жиырма бес жыл бойы қазақ балаларын тәрбие мен оқуға баулып келе жатқан төл туындысы «Айгөйлек» журналының балаларға беретін артықшылықтарын айтып өтіп, барлық қатысушыға естен кетпес рухани тәрбиелік кеш сыйлады.
Астана қаласы Білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Асыл Амангелдіқызы кездесуге арнайы қатысып, ұлттық журналдар оқушылардың білім сапасының артуына ықпал ететіндігін айтты. Іс-шара өткен 103 орта мектебінің директоры Жанат Тұрысбекқызы барлық қатысушы атынан Қымбат Әбділдақызына алғысын білдірді. Жүзден аса педагог қатысқан рухани кеш соңында мектеп оқушылары өз өнерлерін ортаға салды.
Индира БЕРЖАНОВА