Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астаналық спорттың алған асуы қандай?

Астана қаласы Коммуникация қызметінің баспасөз орталығында қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев онлайн брифинг беріп, 2022 жылды қорытындылады

Басқарма басшысы астаналық спортшылардың айтулы жеңістігі туралы кеңінен тоқталды. Оның ішінде, теннисші Елена Рыбакинаның Үлкен дулыға турнирінде жеңіске жеткенін ерекше атады. Теннис спортындағы жарқын жетістік бұл ғана емес. Жыл қорытындысымен Альбина Какенова 14 жасқа дейінгі қыздар арасында Азия теннис федерациясының рейтингісінде көш бастаса, Темірлан Кәрім ATF-тің жасөспірімдер арасында көшбасшысы атанды.

– Біздің спортшылар шахмат, гимнас­тика, бокс, еркін күрес, жүзу мен ескек есу, жеңіл мен ауыр атлетикадан биік тұғырдан көрінді. Алматы қаласында өткен әлем чемпионатында Динара Сәдуақасова рапид бойынша күміс жүлдегер атанды. Шахматшы Бибісара Асаубаева 17 жасында ең жас әлем чемпионы атанып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Жүзгіш Әділбек Мусин 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде елдің рекордын жаңартты. Тарихи сәт Мельбурнде өткен әлем чемпионатында орын алды. Амманда өткен Азия чемпионатында Санжар Ташкенбай мен Айбек Оралбай алтыннан алқа тақса, Нұрбек Оралбай күміс медаль, Ләззат Күнгейбаева қола медальді қанағат тұтты. Жерлесіміз Тимур Фомичев пен Ярослав Мельников Тайландта өткен Азия чемпионатында екі бұрылмалы айналым бойынша ескек есуден дараланды. Мексикада әлемнің үздік ауыр атлеттері бас қосып, бұл сында Едіге Ембер қарсыластарынан қара үзді. Жерлестердің жетістігі мұнымен шектелмеді. Қос биші Максим Жиленков пен Арина Молочникова Латвия­дағы әлем чемпионатында мықты екенін мойындатса, апалы-сіңлі жеңіл атлетші Колодалар Кувейтте жалауы желбіреген Азия чемпионатында чемпион атанды. Каратэ-до WKF-тен елорда тарихында Николь Ценгель алғашқы алтын медальді алды, – деп астаналық спортшылардың жетістігін саралады басқарма басшысы.

Кейінгі жылдары елордада паралимпиада спорты қарқынды дами бастады. Астана қаласы мүгедек спортшыларға арналған спорт мектебінің өкілі Сиязбек Далиев Португалияда өткен парапланинг бойынша әлем чемпионатында үшінші орынға тұрақтады. Бразилияда өткен ХХІV Сурдлимпиада ойынында дзюдошы Сабыржан Хапизов пен үстел теннисінен Владимир Нестеров жүлдегер атанды. Италияда өткен паракарате бойынша әлем чемпионатында Ләззат Жүсіпова мен Дидар Мұхамеджанов жеңімпаз атанды. Ал Ақмарал Науатбек пен Ерғали Шамей паралимпиадалық дзюдодан әлем чемпионы болды. Біздің жерлесіміз Ақмарал Науатбек әйелдер парадзюдосында әлем чемпионы атанған алғашқы қазақстандық ретінде тарихқа енді. Малайзияда есту қабілеті бұзылған ойыншылар арасында футзалдан әлем чемпионаты өтті. Бұл турнирде Қазақстан күміс жүлдегер атанды. Бонкогта пара-хоккейден әлем чемпионатында астаналық ерекше жандардан құрылған Қазақстан командасы да күміс медальді қанағат тұтты.

Спортшыларды жетістікке жетелеген сала мамандарының еңбегі де лайықты бағаланғаны қуантты.

– «Жеңімпаз рухы» ұлттық спорт сыйлығының жеңімпазы қатарында астаналық спортшылар мен бапкерлер мойындалды. «Жылдың үздік спортшысы» номинациясы – Жәмила Бақбергеноваға бұйырса, оның жеке жаттықтырушысы Нұрсұлтан Теміров «Жылдың үздік жаттықтырушысы» атанды. Ал Ирина Новикова «Дене шынықтыру және спорт бөлімінің үздік маманы» номинациясына ие болды, – деді Самат Жылқыбаев.

Бұқаралық спорттың дамуында спортшылардың жарысқа жиі-жиі қатысуы маңызды рөлге ие. Әсіресе, өз елінде халықаралық турнирлер өтетін болса, спортшының жауапкершілігі артып, жанкүйерлерінің алдында жақсы өнер көрсетуге барын салады. Мұның бәрі спортшыны өсіреді. Қазақстанда өтетін Азия және әлем чемпионатының басым көпшілігі Астана қаласында өтетіні белгілі. Сондай байрақты бәсекенің бірі – 170-ке жуық Азияның үздік дзюдошысын жинаған Азия чемпионаты болды. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ дзюдошылары табысты өнер көрсетті. Сондай-ақ қазақ күресінен әлем чемпионаты жоғары деңгейде өткенін айту керек. Алғаш рет еркін күрестен халықаралық Wrestling stars турнирі өтіп, онда Ресей, Англия, Өзбекстан, Қырғызстан, Румыния, Эквадор, Тәжікстанның кіл мықты балуаны бақ сынады.

Әмин Тұяқовтың жүлдесіне арналған алғашқы халықаралық турнирі жеңіл атлетиканың 15 түрінен ерлер мен әйелдердің үздігін анықтады. Бұл жарыста ардагер спортшылар да бақ сынады.

Бұқаралық спортты дамытуда спорт ғимаратының инфрақұрылымын уақыт талабына сай ету маңызды. Кейінгі жылдары аулалық спорт дами бастады.

Астанада ADD Table Tennis Center Astana үстел теннисі орталығы ашылды. Елордада алғаш рет бокс орталығы, көркем гимнас­тика орталығы, жекпе-жек орталығы және жекпе-жек залы ашылды. Бұл орталықтардағы жаттығулар қаланың барлық құрама командалары мен спорт мектептерінің спортшылары үшін тегін. «Толқын» спорт кешені мен «Жастар» сарайында жөндеу жұмысы жүргізілді. «Қазақстан» спорт кешенінде қайта жөндеу және жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Бүкіл халықтың жаппай дене шынықтырумен бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Көктал-2» және «Өндіріс» тұрғын алаптарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. «Көктал-2» және «Өндіріс» елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды.

Мамандандырылған спорттық медициналық орталық пен «Арғымақ» атты сауықтыру кешені ашылды. Спорттық медициналық орталық спорттық медицина, денені қалпына келтіру және қалпына келтіру саласындағы ең заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталды. Түрлі деңгейдегі жарыстарды, оқу-жаттығу процесін медициналық қамтамасыз етеді.

Биыл «Үркер», «Теміржолшылар» тұрғын аумағындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің есігі ашылады. Жаңа форматтағы көпфункционалды спорт орталығы да пайдалануға беріледі.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button