Астаналық театрлар табысы
Астаналық театрлар Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалінен олжалы оралды. Павлодар қаласында өткен бұл фестивальге бас қаланың үш театры үздік қойылымдарын ұсынған еді. Бәрі де жүлдесіз қайтпады.
Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры жанындағы Qalleki театр лабораториясы «Войцек» драмасымен қатысты. Бұл өнер ұжымы Жүсіпбек Аймауытов атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының «Ақан сері туралы аңыз» толғамында Бәтима бейнесін сомдаған Ақбота Мәкіжанова «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымында топ жарды. Ал фестивальдің бас жүлдесі мен «Үздік режиссерлік шешім» аталымын Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры иеленді. Бас жүлдені алған жас драматург Жәнібек Әлікеннің «Күйеу бала» қойылымы аралас неке мәселесін көтереді. Қазіргі қоғамда көп талқыланатын қазақ қызының шетелдікке тұрмысқа шығу зардаптарын суреттейтін драманың көрерменді ойлантатын тұсы көп. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин қойылымды әсерлі етіп сахналады. Оның еңбегі еленіп, «Үздік режиссерлік шешім» аталымы қанжығасына байланды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ