Басты ақпаратМәдениет

Астаналық театрлар тынысы

Бүгін – Халықаралық театр күні. Астана қаласы әкімдігіне елордадағы 6 театр қарайды. Соның байырғысы 126 жылдық тарихы бар М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры болса, ең жасы – ашылғанына 4 жылға жуықтаған Музыкалық жас көрермен театры.

Өткен жылы осы театрлар барлығын қосқанда 1013 қо­йылым қойып, оларды 354608 адам тамашалады. Бүгіндері қала театрларының көрермендері көбейген. Кейбір спектакльдерге билетті күні бұрын алып қоймаса, табылмай қалуы мүмкін.

Мәселен, Музыкалық жас көрермен театрының «Гау­һартас» музыкалық драмасына сұраныс өте зор. Көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековтің қаламынан туған бұл спектакль (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров) өткен жылдың соңында елорда көрермендеріне 250-рет ұсынылды. Әр көрсетілімі аншлагпен өтетін қойылымды премьерасы өткен күннен 100 мыңнан астам көрермен тамашалады. Бұл музыкалық драма «Umai-2023» ұлттық сыйлығының «Театр өнері» номинациясы бойынша «Үздік спектакль» атанды. Салтанат бейнесін сомдағаны үшін театр актрисасы Инабат Ризабекова «Жыл актрисасы-2023» жүлдесіне ие болды. Қазақстанның өнер, мәдениет және спорт саласындағы үздіктерге берілетін «Qazaqstan Ticketon Awards-2024» сыйлығы мемлекеттік театрлар арасында «Гауһартас» қойы­лымын халықтың дауыс беруі нәтижесі бойынша «Жыл спектаклі» деп таныды. Алдағы айда өнер ошағының гастрольдері Орал және Ақтөбе қалаларында өтеді.

Ә.Мәмбетов атындағы Мем­­лекеттік драма және комедия театрындағы белгілі ақын Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» драмасына да (режиссері – Әли Бидахмет) қызығушылық жоғары. Осы өнер ошағындағы Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасы желісімен сахналанған спектакльге де көрерменнің ықыласы ерекше. Жыл басынан бері мәмбетовтіктер бұл қойылыммен ел аралап жүр. Келесі айда «Танакөз» еліміздің оңтүстік өңірлерінде көрсетіледі. Атап айт­қанда, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз тұрғындарына ұсынылады. Алдағы сәуір айын­да аталмыш өнер ошағы кезекті премьераны қояды. Ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Бай мен жарлы баласы» әңгімесін бала кезімізде оқыдық. Міне, Мәмбетов ­театры Асан мен Үсеннің хикаясын қазіргі заманға сай ұсынады.

Кезінде елорданың өнер кеңістігіне үлкен серпіліс әкелген, тарихы 20 жылға жуықтайтын «Жастар» театры­ның репертуары да толығу үстінде. Өнер ошағында ұлттық мәселені қозғайтын жас драматург Жәнібек Әлікеннің «Күйеу бала» драмасының (қою­шы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин) айтары көп. Кейінгі уақытта жастарлықтар көрерменге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме», заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз», көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің «Жолы болғыш жігіт» қойылымдарын ұсынды.

Елордада жыл – он екі ай жұмыс істейтін Қуыршақ ­театры мен тарихы ширек ғасырлық «Наз» мемлекеттік би театры да бар. Бұл өнер ошақтарында да көрерменді қызықтыратын қойылымдар жеткілікті. Өткен жылдың соңында Қуыр­шақ ­театры академик Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерей­тойына орай «Бала Қаныш» қойылымын қойды. Танымдық спектакльдің авторы – Қуат Ежембек, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова. Ал «Наз» мемлекеттік би ­театры былтыр 25 жылдық мерейтойын атап өтті. Өнер ошағы репертуарында «Алдар көсе», «Тұйғындар», «Мың бір түннің бір түні», т. б. қызықты хореографиялық қойылымдар бар.

Халықаралық театр күнін астаналық театрлар өздерінше атап өтеді. Өнер ошақтарында, әсіресе, көктемгі каникул кезінде балаларға базарлық мол. Атап айтқанда, 27 наурыз күні «Жастар» театры «Ақыл патшалығы» ертегісін, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма ­театры бүгін таяуда премьерасы өткен «Конек-горбунок» ертегісін ұсынады. Музыкалық жас көрермен театрынан осы күні ­«Театр әлемі» концерт-қойы­лымын тамашалауға болады.

Аманғали Қалжанов

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button