Астаналық зейнеткерлер этноауылда өнер көрсетті
Бүгін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаз ата-әжелері Этноауылда өткен көшпенділер ойындарында өнер көрсетті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Астаналық зейнеткерлер «Ұлы дала дүбірі» V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру аясында концерттік бағдарлама ұсынды.
Көшпенділер ойынының қонақтары мен көрермендеріне арналған концертте «Асыл мұра» домбырашылар ансамблі, сәнқой әжелерден құралған «Kerbez_models» тобы, халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары «Қыздар-ай» хореографиялық ансамблі мен «Кел, шырқайық!» теле жобасының бас жүлдегерлері «Әдемі» вокалдық ансамблі өнер көрсетті.
Олар «Балбырауын» мен «Әсем қоңыр» күйлерін, «Әгугай» әні мен «Әсемдік» биін көрермен назарына ұсынды.
Сонымен қатар іс-шара барысында Белсенді ұзақ өмір сүру ортағында қызмет алушы 50-ге жуық спортшы ата-әже жиналғандарға «Айкүне» гимнастикасын көрсетті. Қазақ гимнастикасының шығу тарихы жайында мағлұмат беретін әр жаттығудың таңбасы экранда көрсетіліп тұрды.
Орталықтың шебер әжелері 7-13 қыркүйек аралығында Этноауылда өтіп жатқан көрмеге өз қолдарымен жасаған қол өнер бұйымдарын қойды. Атап айтқанда көрмеде шебер әжелер кимешектер, орамалдар мен шапандар, тақиялар, кілемшелер, көрпешелер, сөмкелер, алқалар, ұлттық қуыршақтар, асық, торсық, тұмарлар сияқты кәдесыйлар мен т.б. ұлттық бұйым түрлерін ұсынды.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының волонтер зейнеткерлері көшпенділер ойындарын ұйымдастыру жұмыстарына да атсалысты.
«Күміс еріктілер» клубының 20-ға жуық еріктісі 36 нысанның аумағында қала қонақтарын қарсы алу, ойынның бағдарламасы мен нысандардың орналасуы бойынша анықтамалық көмектер көрсетті.