Астаналықтар белсенділік танытты
Қазақстанда атом электр стансасы құрылысын дауысқа салған жалпыұлттық референдумға Астана қаласы бойынша азаматтардың 50,81 %-ы қатысты. Тұрғындар елдегі мәселелерге бейжай қарамай, жауапкершілікпен белсенділік танытты. Жалпы қалада 460 учаске жұмыс істеді. Оның 352-сі – ашық, 34-і – жабық, 74-і дипломатиялық өкілдіктер мен елшіліктерге бөлінді.
Республикалық референдумға алғашқылардың бірі болып, қала әкімі Жеңіс
Қасымбек қатысып, №211 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Ал Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов референдумды тарихи оқиға деп атады.
«Бүгін біз бәріміз бірге еліміздің даму бағытын айқындап жатырмыз. Қоғаммен диалогқа негізделген және азаматтардың пікірін ескере отырып, стратегиялық шешімдер қабылдау – жаңа қоғамдық-саяси мәдениетті қалыптастыру мен «Еститін мемлекет» қағидаттарын жүзеге асырудың маңызды механизмі.
Бүгін біз дауыс беру арқылы еліміздің болашағын анықтаймыз. Балаларымыздың болашағы мен алдағы жылдары еліміздің қалай дамитыны біздің белсенділігімізге байланысты. Ең бірінші орында азаматтық және конституциялық парызымызды орындау үшін сайлау учаскесіне барып, дауыс беруіміз қажет. Таңдау жасау мүмкіндігін өткізіп алмаңыз!» деді мәслихат төрағасы.
Елордалықтар үшін республикалық референдум перзентханалардағы қуанышты оқиғалармен тұспа-тұс келді. Астананың үш перзентханасында 6 қазанда сағат 00:00-ден 15:00-ге дейін 39 нәресте өмірге келді, оның ішінде 29-ы – ұл және 10-ы – қыз. Референдум күні елорданың медициналық мекемелері акушерлік бөлімшелердегі әйелдерге дауыс беру мүмкіндігін ұйымдастырды. Арнайы сайлау учаскелері тікелей ауруханаларда ашылды, бұл жүкті және босанған әйелдерге медициналық мекемелерден шықпай-ақ таңдау жасауға мүмкіндік берді.
Саяси маңызды күні мегаполисте қоғамдық көліктер тегін жүрді. Референдумда дауыс беруге ниет білдірген азаматтардың арасында үйден өтініш қалдырған азаматтар да бар. Дауыс беруге қатысқандардың арасында Астананың қарт тұрғындарының бірі, көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, драматург және сценарист 91 жастағы Әкім Тарази болды.
«Ұзақ жылдар бойы еліміздің дамуына куә болған адам ретінде мен әр дауыстың қаншалықты маңызды екенін көремін. 91 жастағы адам ретінде болашақ келесі ұрпақ үшін де біздің таңдауымызға байланысты екенін түсінемін» деді Ә.Тарази.
Сонымен қатар инватаксилер мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсетті. Астанада мүгедектігі бар 36 мың адам тұрса, оның ішінде 21 мыңнан астам сайлаушы тіркелді. Дауыс беру кезінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінде қолайлы жағдай жасау үшін пандустар, тұтқалар мен тактильді белгілер, көру қабілеті бұзылған азаматтарға аудиожазбаны тыңдағаннан кейін бюллетеньдерді өз бетінше толтыруға мүмкіндік беретін қолжетімді трафарет қарастырылып, мүмкіндігі шектеулі адамдар тіркелген учаскелерде сурдоаудармашылар көмекке келді. Қала тұрғыны Әсемгүл Әбдірахманова №83 мектеп-гимназияда орналасқан №56 сайлау учаскесіне инватакси арқылы келіп, сайлау учаскесінде оған ыңғайлы және қолжетімді дауыс беру үшін қажет нәрсенің бәрі берілгенін атап өтті.
Жалпыұлттық референдумда қазақстандық ғылым мен мәдениет қайраткерлері, соның ішінде ақын Серікзат Дүйсенғазин, академик Кәрімбек Құрманалиев, сондай-ақ әдебиеттанушы және академик Дихан Қамзабекұлы және басқа да зиялы қауым өкілдері де таңдау жасады.
«Астана қаласындағы №1 сайлау учаскесіне барып дауыс бердім. Мәселе қолдауда немесе қарсы болуда емес. Ол әркімнің жеке шаруасы болуы керек. Бірақ барып дауыс беру дұрыс деп ойлаймын. Демократиялық қоғамды солай ғана қалыптастыра аламыз» деді С.Дүйсенғазин.
Елордалық танымал спортшылар, атап айтқанда, бокстан Олимпиада чемпионы және еңбек сіңірген спорт шебері Серік Сәпиев №165 сайлау учаскеде, ауыр атлетикадан аты аңызға айналған спортшы Илья Ильин №88 учаскеде, сондай-ақ елордалық спортшы, ММА жаттықтырушысы Василий Тахтай №336 учаскеде өз таңдауын жасады. Сондай-ақ референдумға Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ерғали Шамей және жүзуден Паралимпиада ойындарының қатысушысы Сиязбек Далиев қатысып, ел үшін маңызды шешім қабылданар тұста немқұрайдылық танытуға болмайтындығын білдірді.
Қалалық сайлау учаскелерінде елордалық тұрғындар мен отбасылар үшін ерекше акция ұйымдастырылды. Бұл бастама, әсіресе ата-аналарымен бірге келетін балалар үшін мерекелік және достық көңіл-күйді орнатуға бағытталды. Кәсіби суретшілер бүлдіршіндерге түрлі-түсті жануарлар мен кейіпкерлерді бейнелеп беру арқылы ата-аналардың дауыс беруі үшін қолдау білдірді.
Сайлау учаскелерінде өзінің азаматтық ұстанымын білдіруге бел буған жастардың саны да едәуір көп болды. Астанада 18 жасқа толған 26 мыңнан астам жас алғаш рет республикалық референдумға қатысып, дауыс берді.