АСТАНАЛЫҚТАР ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШЫҚТЫ
Жекпе-жек ұрыстарының түр-түрін тамашалау елордалықтар үшін дәстүрге айналып келеді. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен Астанада осымен екінші рет өткізілген халықаралық жауынгерлік өнер фестивалі биылғы көрермен назарына айрықша бағдарлама ұсынды.
Айтулы шарада Қазақстан, Италия, Қытай, Ресей, Филиппин және Жапония шеберлері 11 дисциплина бойынша өнер көрсетті. Бұл жолы фестиваль қонақтары джиу-джитсу, киокушинкай-кан каратэ, қоян-қолтық ұрыс, сумо, таэквандо, муай-тай, вин-чун, қазақша күрес, бразилиялық джиу-джитсу, шаолинь-цюань және пекити-тирсия кали жекпе-жектерінің көрнекі үлгілерін тамашалады.
Фестивальге шақырылған мәртебелі меймандардың орны бір төбе: Вин-Чун Халықаралық федерациясының (IWCO) құрметті президенті Сифу Дональд Мак, Ultimate Fighting Championship қамқорлығымен өнер көрсететін, аралас стильдегі кәсіпқой спортшы Хабиб Нурмагомедов, кәсіпқой ресейлік тайбоксшы және кикбоксшы, тай боксынан және кикбоксингтен кәсіпқойлар мен әуесқойлар арасындағы жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, тай боксынан Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері Артем Левин.
Сонымен қатар, аталған шараға актер, кәсіпқой спортшы, жауынгерлік жекпе-жек бойынша әскери нұсқаушы Сергея Бадюктің қатысуы спортсүйер қауым үшін ерекше сый болды. «ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің шеберлігіне тәнтімін. Мәскеуде өткен «Альфа» кубогында олар барлық сайыс түрін жеңіп, абсолютті чемпион атанған еді. Осы фестивальде жігіттер соңғы болып өнер көрсетеді екен. Ең бір асыға күтіп жүргенім, солардың көрсетілімі» дейді Сергей Бадюк. Оның айтуынша, түнгі клубтарды кезіп, зиянды әдеттерге әуестенудің заманы өтіп кеткелі қашан. «Бүгінгінің сәні – білім іздеп, спортпен шұғылдану. Салауатты өмір салтын ұстанатын жастардың көптігі қуантады. Астанада байқағаным, жаттығуға арналған жақсы алаңдар бар. Сондықтан келесі жылы мұндай парктерде шанти-практика өткізуіміз әбден мүмкін» деді Сергей Бадюк.
Ал, Астанаға алғаш рет ат басын тіреген Дональд Мак 200 жыл бұрын Қытайда пайда болған вин-чун спортының негізін әйел адам қалағанын айтады. Жекпе-жектің бұл түрін Брюс Ли мен оның ұстазы Ип Ман кеңінен насихаттаған екен. «Бүгінде әлемнің 16-дан аса елінде вин-чунның жүзге жуық филиалы бар. Осы спорт түрі Қазақстанға жақында тарады. Қарқынды дамытуға бар тәжірибемді саламын» деген Дональд Мак салтанатты түрде гонг аспабын ұрып, фестиваль шымылдығын ашып берді.
Алғашқылардың бірі болып ортаға Қарағанды облыстық таэквандо федерациясы шықты. Бұдан кейін Қазақстан Республикасының Джиу-джитсу қауымдастығының жеткіншектері өнер көрсетті. Әсіресе, Астана қаласы Муай-тай боксының федерациясы атынан шеберлігін көрсеткен 4 жасар спортшының талабы таңғалдырды.
Ал, Қытайдан келген шаолинь-цюань шеберлерінің өнері бәрінен ерек. Құдды бір шапса қылыш өтпейтін аңыз кейіпкерлері іспетті. Қатар-қатар қойылған өткір араны жұмсақ көрпедей көріп, үстіне емін-еркін арқасын төсейді, ал кеудесіне жүзі үшкір шегелерді қадайды. Денесінің еш жерін жараламай оған да бір жігіт сүйене кетеді. Ең жоғарыдағы монахтың төсіне қатты тақтайша қойылады. Төртіншісі сол тақтайшаны бір ұрғаннан сындырады. Одан кейін екі монах шығып, найзаны мойындарымен ұстайды. Олар бір-біріне қарай күшпен итерілгенде, найзаның ұшы мойнын тесіп жібере ме деп қорықтық. Алайда, мойындарына сызат та түскен жоқ. Керісінше, найза қақ ортасынан майысты да қалды. Ол ол ма, тақырлап алынған басына ағаш таяқпен тарс еткізіп ұрғанда таяқ екіге бөлініп сынды. Басы еттен бе, тастан ба деп таңданасың мұны көріп.
Күткендей-ақ, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің қойылымы күш-қуат беріп, кеудеге мақтаныш сыйлады. Ел тыныштығын күзетіп жүрген жауынгерлер қоян-қолтық ұрыстың озық үлгісін көрсетіп, ең соңында Қазақстанның мемлекеттік туын биікке көтергенде, бүкіл зал тұрып қошеметтеді.
Мәдина ЖАҚЫП