Мәдениет

Астаналықтар жүлдегер атанды

Сүлейман Демирел атындағы университетте «Журналистика және ақпарат» даярлау бағыты бойынша XV республикалық пәндік олимпиада өтті. Тартысты додада Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері жүлделі 2-орынға қол жеткізді.

Олимпиадада еліміздегі 17 жоғары оқу орнынан келген 51 жас журналист бақ сынады. Әр топ үш студенттен құралды. Сайыста олар күнделікті сабақ барысында алып жүрген білімін сарапқа салды. Болашақ мамандардың кәсіби қабілетін анықтау және талантты студенттерді қолдау мақсатында ұйымдастырылған жарысқа жоғары оқу орнының 2-3 курс студенттері қатысты.

Алматы облысы Қаскелең қаласында өткен олимпиада жаңа бағытымен ерекше болды. Үш кезеңнен тұрған додада жылдағыдай тест тапсырмасы болмады. Алғашқы кезең «кейс шешу» деп аталды. Яғни бір білімгер медиа этика, фактілерді тексеріп қолдану, медиа сауат пен журналистикадағы құқық бойынша берілген жағдаяттарды дұрыс, нақты және толыққанды шешуі тиіс еді. Әр қатысушыға берілген бес кейске кемі 4-5 сөйлемнің көлемінде жауап ұсыну негізгі талаптың бірі болды.

Екінші кезеңде студенттер ақпарат жазудан жарысты. Қатысушыларға үш дереккөзден бір мәселеге қатысты ақпарат ұсынылып, олар осы үш түрлі ақпараттан бір журналистік мәтін дайындады. Бір күнде өткен екі кезеңде студенттің әрқайсысы өткір ойы мен ұшқыр қиялын қағаз бетіне түсірді.

«Мультимедиалы өнім дайындау» атты соңғы кезең олимпиа­даның екінші күнінде өтті. Бұл кезеңде қатысушылар мобильді құрылғы көмегімен видео-стори форматында контент әзірледі.

Байқау нәтижесінде жүзден жүйріктер айқындалды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультетінің 3-курс студенттері Айгүл Ержігіт, Индира Бержанова және Қадыр Әлиев үш кезеңнің қорытындысы бойынша 2-орынды қанжығаға байлады.  «Күлтегін» аталған топ барлық кезеңнен сүрінбей, жеңімпаздардың қатарынан көрінді. Студенттердің өзгелердің ерекшелігі «Еңбек құқығыңа енжар қарама!» атты бейнеөнім түсіріп, жоғары ұпайды иеленуінде еді. Сюжетте жұмыссыз жастардың құқығын қорғау, жұмыссыздықтың себебі мен салдары, екі қолға бір күрек таппай жүрген жастың бүгінгі жағдайы туралы айтылып, оған білікті психолог, заңгер, оқытушы секілді мамандармен қоса, жастардың да пікірі дәлел болды.

Студенттердің айтуынша, жауыр болған тақырыпты заманауи форматта көпшілікке көрсету басты мақсат еді. Осылайша астаналық студенттер республикалық додада университет намысын қорғап, жеңіспен оралды.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button