Астананы атпен аралады
28 шілде күні таңғы сағат 7.00-ден бастап атқа мінген 30-ға жуық шабандоз Астананың көрнекті жерлерін аралап шықты.
Бұл ерекше іс-шара көшпенділердің 5-ші Дүниежүзілік ойындары қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Шеру кезінде бүкіл маршрут бойынша жол қозғалысы уақытша жабылды.
Іс-шараға қатысушылар «Барыс Арена» мұз айдыны сарайының маңындағы іргелес аумаққа жиналып, Бұқар жырау, Түркістан, Орынбор, Ақмешіт, Достық, Қабанбай батыр даңғылдарымен жүріп өтті.
Сонымен қатар Астананы алдағы ойындарға безендірген шағын архитектуралық формалардың жанынан өткен шабандоздар шеруі Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайының жанында аяқталды.
Аталған шеруге қатысқан «Tengri Road» саяхатшылар ат клубының негізін қалаушы Сағадат Темкенов шын мәнінде бұл жай ғана шеру емес екендігін, қазанат пен азаматтың қарым-қатынасының тым тереңде жатқанын айтып, өз толқынысын жасыра алмады.
– Мен қазақ дәстүрлерін насихаттаймын. Солардың бірі – менің жылқыларға деген сүйіспеншілігім. Осы іс-шарадан кейін мен қалаға атпен жиі жүремін деп ойлаймын. Бүгінгі таңда біздің мақсатымыз – қазақстандықтарды мәдениетімізді, тарихымыз бен дәстүрлерімізді көрсететін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақыру. Осылайша, біз патриотизмді дәріптеп, спортшыларға қолдауымызды және Отанға деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз. Сонымен қатар бұл ауқымды іс-шара қазақстандық туризмнің дамуына үлес қосады. Этно-мәдени код – бұл шетелдік туристерді шынымен қызықтыратын нәрсе. Менің ойымша, біз бұл бағытта кішігірім және үлкен қадамдар жасауымыз керек, – деді ол.
Сондай-ақ Сағадат Темкенов этно іс-шара эстафетасын Жамбыл облысының өкілдеріне жолдап, ойын басталғанға дейін әр өңірді осындай акция ұйымдастыруға шақырды.
Естеріңізге сала кетейік, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйекте өтеді.
Шапағат ӘБДІР