Басты ақпарат

Астананы дүбірлеткен аламан

Қала күніне орай «Қазанат» атшабарында «Елорда бәйгесі» республикалық турнирі өтті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен бұл айтулы шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысып, ыстық ықыласты лебізін білдірді.

[smartslider3 slider=3428]

– Қазақ халқының рухын көтеріп, арқасын қоздыратын ұлттық спортымыздың бірі бәйге болса, сол бәйгенің сәнін келтіретін, осынау ұлан-ғайыр далаға иелік етуімізге ересен еңбек сіңірген ұлттық брендіміз – қазақтың қазанаты. Елорда күніне орай осындай аламан бәйге ұйымдас­тырып, мереке сәнін асырып жатқанымыздың өзі – үлкен мерей. Барлықтарыңызды қала күнімен құттықтаймын, – деді Премьер-министр орынбасары.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Берік Жәкенов атшабарға жиналған қауымды қала күнімен құттықтап, бас қаламыз одан әрі өркендей берсін деген ақ тілегін жеткізді.

Елорданың 24 жылдық мерейтойына арнап өткізіліп отырған бұл республикалық бәйгеде Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің барлық облысынан 150-ден астам сәйгүлік додаға түсті. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге. Бәйге ұшқыр бәйге, құнан бәйге, кіші аламан, аламан бәйге сынды 7 түр бойынша өтті.

Бәйгенің шымылдығы 1400 шақырымдық ұшқыр бәйгемен ашылып, жүлде Сейсенбек Қабайұлының Рибека сәйгүлігіне бұйырды. 20 шақырымдық аламан бәйгеде кілең қазақ жылқысының тұқымынан бапталған 8 сәйгүлік жарыс жолына шығып, мәре сызығын Қостанай облысынан келген Мұрат Исмағамбетовтің Риба есімді тұлпары кесті. Ал құнан бәйгеде Жандос Рыздықбайовтың 6-нөмірлі Тайфун есімді байталы бірінші болып мәреге жетті.

Құнан бәйгедегі бір ерекшелік, бәйгенің ережесі бойынша шабандоздар қамшы салуына болмайды. Егер қамшыласа, жарыс жолынан шығады.

«Бұл – жастарды зорлық-зомбылықтан аулақ болуға және жануарларды ұрып-соғатын жаман әдеттен аулақ болуға баулу» дейді жарыс төрешілері.

Бәйгеде қазақ жылқысының асыл тұқымы саналатын Қос­танай жылқысының тұқымы көбірек болды.

Қостанай жылқысы – бүгінгі таңда жоғалудың аз-ақ алдында тұрған жылқы тұқымдарының бірі. 1889 жылы патшалық Ресей өкіметі қазақтың қазанатын негізге ала отырып, Қостанай жылқы зауытын құрады. Екінші дүниежүзілік соғысқа, аштыққа, репрессияға қарамастан, Қос­танай тұқымының селекциясы үздіксіз жалғасты. 60 жылғы сұрыптау нәтижесінде 1951 жылы Қостанай жылқысы зауыт тұқымы ретінде танылады. Кеңес өкіметі уақытында Қостанай жылқысы КСРО-ның ең үздік жылқы тұқымының қатарына қосылды. Бүкілодақтық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы болған аттар да осы зауыттан шыққан. 1969 жылғы санақ бойынша саны 44000-ға жеткен Қостанай жылқысының қазір саны мүлдем азайып, сапасы кері шегіне бастаған.

Қостанай жылқысын сақтап қалу жолындағы жұмыстар өткен жылы басталған. Ұлттық спорт қауымдастығы Қостанай жылқы тұқымын сақтау және дамыту туралы арнайы жиын өткізіп, жиналыстың шешімдері Премьер-министр орынбасары Ералы Тоғжановқа жеткізілген болатын. Нәтижесінде Ералы Лұқпанұлы да бұл мәселеге жіті назар аударып, түйінді сұрақтың күрмеуін шешуге белсене кірісті. Аз уақыттан кейін Үкіметте Премьер-министр орынбасарының төрағалығымен Қостанай жылқысы тұқымын сақтау және дамыту бойынша үлкен жиын өтті. Пәрменді әрекеттер нәтижесінде Қостанай жылқысын сақтап қалу, дамыту үшін арнайы жол картасы бекітілді. Бәйге кезінде біз Ералы Тоғжановты сөзге тартып, қазақ жылқысына жасалған осы бір қамқорлық туралы сұрадық.

– «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» дегендей, қазақ жылқысының мініске төзімді, жүріске шыдамды, қашса құтылып, қуса жететін желқабыз жүйрігі – қазанаттың орны қашан да бөлек. Дегенмен соңғы кездері қазақ жылқысының санын көбейтіп, сапасын өсіруге баса назар аударылған жоқ. Соның салдарынан Қостанай жылқысының тұқымы құрып кетуге шақ қалды. Осы жағдайға байланысты былтыр мемлекет тарапынан арнаулы жоба жасалып, Қостанай жылқысын дамытуға пәрмен берілді. Мұндағы мақсат біреу ғана: әр мемлекеттің өзіне ғана тән ұлттық бренді болады. Еліміздің әлемге мақтануға ла­йық ұлттық брендінің бірі – осы қазақтың қазанаты. Біз осынау кең-байтақ жерімізді қазанатымыздың қара терін ағызып, қара тұяғын кетілте жүріп, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалдық. Біздің бүгінгі ұрпақ қазақтың қазанатына қарыздар десек қателеспейміз. Сондықтан біз ел болып, жұдырықтай жұмылып, қазанаттың тұқымын сақтап қалуға күш салып, еліміздің жылқы шаруашылығын дамытуға ден қоюымыз керек, – деді Ералы Тоғжанов.

Жылқының ішіндегі ең шомбалы, нағыз мықтысы, өрге салса төске озған, ешбір қоспасыз таза тұқымнан шыққаны – қазанат. Зерттеушілердің уәжіне жүгінсек, «қазан» деген сөз бір жағынан «үлкен» деген мағына берсе, екіншіден, қасиетті әрі тума деген ұғымды жеткізіп тұр. Қазанаттың дене бітімінен жүйріктік те, күш те бірдей сезіледі. Сырт келбеті де ер атына сай. Денесі үлкен, омырауы мен кеудесі кең, салпы ерінді, күпшек санды, тұяғы үлкен, жалпақ, шоқтығы биік, басы онша үлкен емес, тез семіретін, майды сыртына жинайтын, сазандай дөңгеленіп келген, мойыны жуан болған. Қазанат – ауыр сауыт киіп, қару асынған батырды көтеретін, жорықта ұзақ шыдайтын, әскери мақсатқа арналған жылқы тұқымы. Сондықтан бұл жылқыны өсіру және оның тұқымын зерттеп-зерделеу – ұлттық брендімізге жасалған үлкен қамқорлық.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button