Басты ақпаратМәдениет

АСТАНАНЫҢ АЙРЫҚША АЖАРЫ

Кез келген халықтың өзіндік болмысын да­ралайтын басты белгі – ұлттық мәдениет. Бас шаһардың бас жоспарында ел мәдениетін дамы­ту – басты назарда. Қалада халықтың интеллектуалдық және рухани өмірін байыта­тын мұражайлар мен кітапханалар, концерт залдары мен театрлар, түрлі деңгейдегі фе­стивальдер мен кон­грестер өтетін жаңа үлгідегі ойын-сауық орталықтары жетерлік.

Жылдан-жылға қатары артқан мұндай нысандардың қол жетімділігі қандай? Рухани тұрғыдан халықтың сұранысын қанағаттандыра ала ма? Әлбетте, бос уақытын тиімді әрі көңілді өткізу үшін мәдени орындардың есігі кез келген елорда тұрғыны мен қонақтарына айқара ашық. Олай дейтін себебіміз, бүгінде бас қалада мәдени мұраны қолдау, зерделеу, салынған және пайдалануға берілген мәдени-демалыс нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету жоғары деңгейде. Астананың әлемдік сахнадағы табысы мен жетістігін есе­леу үшін ел ішіндегі және шетелдегі позитивті имиджін жетілдіру қажет десек, ол үшін аталмыш нысандардың тыныс-тіршілігі қайнаған ортаның думанына айналғаны абзал.

Бүгінде Астанада 23 кітапхана, 6 театр, 4 мұражай, 5 мәдени-демалыс орталық, 17 қазыналық кәсіпорын, 50-ге жуық сәулеттік ескерткіш, сондай-ақ цирк, мемлекеттік филар­мония, кинопрокат ұйымы, саз сту­диясы жұмыс істейді. Көпшілік жиі баратын мұражайлар мен кітапхана қызметіне ерекше инновациялық технологиялар енгізу – заман талабы тудырған жетістік. Елордамызда мұражай қорлары сандық үлгіге көшсе, кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету автоматтандырылған жүйеге ауысты. Мұндағы іс-шаралардың барлығы on-line режимінде өтетіндіктен, мемлекеттік органдар­ды, студенттерді, республиканың барлық жастарын тартуға мүмкіндік көп. Ресми деректерге сүйенсек, 2011 жылы қала кітапханаларына 500 мың адам барған. Астана театрларында көрсетілген қойылымдар саны 1500-ден асса, премьералық, хореографиялық, миниатюралық қойылымдардың қатары жылдан- жылға көбеюде. Мемлекеттік филармонияның концертін 1 млн 208 мың адам тамашаласа, театр қойылымдарын 200 мыңға жуық астаналық көрген. Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Қазақстан» орталық концерт залы, Жастар сарайында ай­тулы концерттер, халықаралық фести­вальдер, конкурстар мен ресми сал­танатты жиындар ұйымдастырылса, Мәдениет басқармасына қарасты мұражайлар мен демалыс кешендері халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсетіп келеді.

Астананың мәдени орындары­на халық бармайды деген кереғар пікірлерді бүгінде ресми деректер жоққа шығарады. Өйткені, 2011 жылдың өзінде 2 624 077 елордалық пен қонақтар мәдени өмірдің тыны­сымен танысқан.

«Шабыт» шығармашыл жастардың халықаралық фестивалі, «Азия жаңғырығы» атты цирк өнерінің халықаралық фестивалі, жастар биінің және экшн-фильмдердің дүбірлі додасы – Астана өнерін дамыту мен мәдениетін көтеруге бағытталған дәстүрлі жобалар. Ал елорданың рухани өміріне үлес қосып жүрген өнер майталмандары да еленбей қалған жоқ. Биыл алғаш рет 11 номинация бойынша мәдениет саласының қызметкерлеріне Аста­на қаласы әкімінің арнаулы гран­ты тағайындалып, шығармашыл жандардың мерейі үстем болды. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай елорданың қазақ және орыс театрларына «Академиялық» мәртебе берілуі қаланың мәдени өміріндегі елеулі оқиға екенін айтпасқа болмас. Жақында ғана пайдалануға берілген Оқушылар сарайы мен шымылдығын енді ашатын Классикалық опера және балет театры мәдениетіміз бен ұлттық өнерімізді насихаттайтын салтанат сарайларына айналатын болады.

Тәуелсiздiк және Бауыржан Момышұлы даңғылының қиылысында орналасқан Оқушылар сарайы сәулетiмен ерекше. Жалпы ауданы 60 мың шаршы метрді құрайтын 4 қабатты бірегей ғимаратта баскетбол, жеңіл атлетика алаңдары, суда жүзу бассейні, мұз айдыны, теннис залдары бар. Студиялармен қатар театр, дайындық алаңдары, оркестр, хор, би, балет және драма топтарына арналған сахна, көрме залы орналасқан. 3Д технологиясын пайда­лану арқылы панорамалық, сфералық және ғаламшарлық кескіндеме көрсетуге мүмкіндік бар. Мәдени- ағартушылық, спорттық-сауықтыру және ұйымдастыру-әдістемелік қызмет атқаратын елорданың басты білім беру институтына айналатын Оқушылар сарайының 40 үйірмесіне бір мезгілде 3880 бала қатыса алады. Дегенмен, бір күнде одан 3-4 есе көп келушілерді қабылдауға да мүмкіндігі жетеді.

Ал, Швейцарияның әйгілі сәулет компаниясы жасаған классикалық үлгідегі театр ғимараты архитектуралық жобасымен талайды тамсандырады деп күтілуде. Жалпы аумағы 37,5 мың шаршы метрден аса­тын өнер ордасы негізінен үш бөліктен тұрады. Кіреберіс, зал және сахна мен оған қажетті жабдықтар тұратын орын. Сән-салтанаты келіскен галереясы бар сарайда әртүрлі игі шаралар мен көрме өткізілетін болады. Оның ішіндегі үш қабатты балкондардың әрқайсысына шамамен 250 адам, ал, негізгі залдың амфитеатрына 600 адам еркін жайғаса алады.

Жақында Елбасының қатысуымен өткен Астананы одан әрі дамытуға бағытталған жиында елорданың мәдени нысандары сынға алынған еді. Халық үшін салынған аты дардай мекемелер халық үшін қызмет етпесе, қаржыны далаға құйғанмен бірдей. Сондықтан Мемлекет басшысы алдағы уақытта мұндай мекемелердің жұмысын жандандырып, келушілердің қатарын одан әрі көбейтуді тиісті орындарға тапсырды.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Жабай ҚАЛИЕВ,
тарихшы-ғалым:
– Мойындау керек, қаладағы зәулім сарайлар мен мәдени орындар ел игілігі үшін салын­ды. Сондықтан оларға халықты көптеп тартқан жөн. Ол үшін қызықты бағдарламалар, жоғары деңгейдегі концерттер жиі өткізіліп қана қоймай, бағасы да қолжетімді болған жөн. Демалыс күндері балаларымды циркке апарсам, әріптестеріммен театрға, кітапханаға, музейге жиі барамын.

Астанада мәдени орта қалыптасты. Шүкір, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері мен ғалымдар қатары көбейіп, астаналық ментали­тет айқындалып келеді. Руха­ни жағынан жетіліп, қарапайым халық үшін барлық жағдай жа­салуда. Тек тиісті мекемелер өз жұмысын дұрыс үйлестіре білсе, нұр үстіне нұр болар еді…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button