Астананың алтыншы ауданы
Елорданың алтыншы ауданы биыл шілде айында құрылды. Астана қалалық мәслихаты 2024 жылғы 19 маусымда елордадағы жаңа ауданды Сарайшық деп атауды бекіткені мәлім. Астана қаласында жаңа аудан құру, аудандардың шекараларын белгілеу және өзгерту туралы Астана қаласы мәслихатының 2024 жылғы 23 мамырдағы № 181/22-VIII және Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 23 мамырдағы № 01-1763 бірлескен шешімі мен қаулысына сәйкес, Сарайшық ауданы құрылып, оның шекаралары белгіленді. Жаңа ауданның шекарасы 6 953 гектарды құрайды.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша 39 жастағы Мақсат Саматұлы Сарайшық ауданының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін ол Алматы ауданының әкімі қызметін атқарды.
Еңбек жолын 2007 жылы Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаментінің маманы қызметінен бастаған. 2022 жылдың тамыз айынан бері Алматы ауданының әкімі лауазымында жұмыс істеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Сарайшық ауданы әкіміне аудан мен тұрғын алаптарды дамыту бойынша бірқатар міндет жүктелді.
Аумағы: Есіл өзенінен Арқар көпірі бойымен Сарайшық көшесімен Р.Қошқарбаев даңғылы бағытында жұп сандар жағымен магистральдық теміржолға дейін, магистральдық темір жол бойымен шығыс бағытта қала шекарасына дейін, қаланың шығыс шекарасымен оңтүстік бағытта Есіл өзеніне дейін, Есіл өзенімен Сарайшық көшесінің бойымен батыс бағытта Арқар көпіріне дейінгі жерді алып жатыр.
Алматы ауданын бұған дейін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басшысы қызметін атқарған Рустам Тәуекелов басқарады. Еңбек жолын Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде бастаған. Әр жылдары «Балқантау KZ» ЖШС басшысы, «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС директорының орынбасары, «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген. 2022 жылдың қазан айынан бастап «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС басшысы қызметін атқарды.