Елордалықтар

Астананың атымтай жомарт азаматы

Ұлттың ұлт, мемлекеттің мемлекет болып қалыптасуына жеке адамдар жасаған игі істердің де пайдасы бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Халқымыз қолы ашық адамды «Атымтай Жомарт» деп атауы да тегін емес. Қазақ әрдайым қосарланып айтатын қасиеттердің бірін жомарттық деп түсіндірген. Қазақ халқының жомарттығы байы тұрмақ, кедейінде де бар. Ізгілікті серік еткен ел азаматтарының ең игі істерінің бірі – көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық жасап, қолдау көрсету.

[smartslider3 slider=1300]

Әңгімемізге арқау болып отырған азамат туралы айтар болсақ, бірден «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қазақтың қанатты сөзі еріксіз еске түседі. Сөз «G-Park» құрылыс компаниясының басшысы, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты ­Ғабит Хакімұлы Сәтмағамбетов туралы өрбімек.

Берілетін садақасы адал ісінен болуы шарт болып есептелетін сауабы мол істің қайырымы да мол. «Садақа – береке кілті», «Жетім көрсең, жебей жүр» деп дана халқымыз айтқандай, жығылғанға тіреу, құлағанға сүйеу бола білген бейбіт заманның батыры Ғабит Хакімұлының жаны жомарт екендігін дүйім жұртшылық жақсы біледі. Десе де халық игілігі үшін жасалып жатқан мақтаулы істі қанша айтса да артық болмас.

Ғабит Хакімұлы 1979 жылы 19 қаңтарда Павлодар облысында дүниеге келген. Жоғары білімді. Бірнеше жоғары оқу орнын тәмамдап, түрлі саланың майталман маманы атанған. 2000 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «халық­аралық құқық» факультетін тәмамдап, «халықаралық заңгер», 2006 жылы Қазтұтыну одағы Қарағанды университетінің «экономика» мамандығы бойынша, ал 2016 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің «құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру» мамандығы бойынша бітіріп, «техника және технология» бакалавры академиялық дәрежесін алған.

Ғабит Сәтмағамбетов еңбек жолын 2001 жылы Қарағанды қаласы ІІБ Орталық ПБ жедел уәкіл қызметінен бастаған. 2003-2013 жылдары Қарағанды қаласындағы «ЮНИКС» адвокаттық кеңсесінде адвокат болып жұмыс істеді. Кейіннен оның басшысы болған. 2014 жылы «G-Park» құрылыс компанияларының тобын ұйымдастырды.

Жас кезінен ауыртпашылық пен соқпағы көп тарам-тарам өмір жолдарынан ширатылып өскен Ғабит Хакімұлы – бойына білім нәрі мен адамгершілік сезімдерін терең сіңірген тәуелсіз елдің ұланы.

 

Қазіргі уақытта өндірістік қуаты жылына 120 миллион дана керамикалық кірпіш шығаратын кірпіш зауытының құрылысы толық қарқынмен сәтті басталды. Сондай-ақ неміс серіктестерімен жасалған келісімшартқа сәйкес, темірбетон бұ­йымдары зауытының құрылысы бастау алды.

Ғабит Хакімұлы Сәтмағамбетовтің өссем, өнсем деген өмірлік ұстанымы Әлихан Бөкейханның «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген ұлағатты сөзіне саяды десек қателеспейміз. Жүгінгенге жөн сөз айтып, жан жылуымен бірге жомарт қолын соза білген Ғабекең – осы уақытқа дейін талай жомарттық жасап жүрген жан.

Үш жыл бұрын өзінің қайырымдылық қорын құрып, осы уақытқа дейін түрлі қиындықтарға тап болған 3 мыңнан аса қазақстандықтарға түрлі деңгейде көмек берген. Атап айтар болсақ, осы уақыт ішінде көпбалалы, отбасында мүмкіндігі шектеулі балалары бар 200 отбасыға пәтер кілтін берген. Сонымен қатар әлеуметтік аз қамтылған азаматтар мен зейнеткерлерге азық-түлік себеттері мен ерекше қажеттілігі бар балаларға спорттық жабдықтарды тарату шарасын ұдайы ұйымдастырады.

Қарттар үйлерінің, есту қабілеті төмен және мүгедектер қоғамының патронажын басқарады, мүмкіндіктері шектеулі балаларды оңалту курстарында емдеуге жалпы сомасы 100 миллион теңгеден аса қаражат бөлген. Арыс қаласында зардап шеккендерге үй салуға 50 миллион теңгеден астам қаражат берген. Биылдың өзінде аз қамтылған отбасылардағы мектепке баратын 450 балаға рюкзактар мен кеңсе заттарын табыстады.

Балалық шағы еліміздің тәуелсіздігін алған кезбен тұспа-тұс келген уақыттан бастап Отанына адал қызмет етуді басты мақсат тұтқан Ғабит Хакімұлы бүгінде бала арманын іске асырып, ел болашағы жолында тыным таппай еңбектеніп келеді.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында үзеңгілес әріптестеріне ісімен үлгі, жастарға өнеге бола алатын кейіпкеріміз қандай да болмасын құрметке ие жан. Адамгершілік қасиетті биік ұстап, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямай, қолдан келген көмегін көрсетіп жүрген Ғабит Хакімұлы Сәтмағамбетовті «жүрегі алтын» жан деп нық сеніммен айтуға болады.

Ғабит Сәтмағамбетов – қайырымдылықты әлеуметтік жауапкершілікпен сабақтастырған азамат, өзінің жеке қайырымдылық қоры бар санаулы адамдардың бірі.

– Адамдарға көмектесу – терең тыныс алумен бірдей сезім. Бұл әлемде көптеген адамдар көмек пен қолдауды қажет етеді. Біз мұқтаж адамдарға және оларға көмектескісі келетіндерге ашықпыз, – дейді Ғабит Хакімұлы.

Қордың мыңдаған адресаты қазірдің өзінде пәтерлермен қоса, үлкен көмекке ие болды. Сөзімізге бір дәлел ретінде өмірдің тауқыметін тартқан, барар жер, басар тауы қалмаған жеті баланың анасы Сәнден Құрбанбаева­ға жасаған жақсылықты атап өтсек артық болмас. Көп қиындық көрген 46 жастағы әйел – көпбалалы, жалғызбасты ана. Бір баласының мүмкіндігі шектеулі, үлкен екі баласы құрылыста қарапайым жұмысшы болып жұмыс істейтін, қалған балалары мектепте оқитын ананың басты арманы баспаналы болу болатын. Ол 2016 жылы мемлекеттік тұрғын үй кезегіне жалғызбасты ана ретінде, 2019 жылы көпбалалы ана ретінде тіркелген. Осы жылдар бойы ол өз кезегін үмітпен күтті, бірақ мәселе шешілмеді. Әпкесінің бала-шағасымен қосқанда 13 адам кішкентай темір контейнерде тұрды. Азаматшаның баспаналы болуы туралы өтініші үй мәселесінің жалпы комиссия шегінде қарастырылған өзекті проблемалар қатарында болатын. Көпбалалы ананың баспанамен қамтамасыз етуге әңгімеміздің бас кейіпкері өзі ниет білдіріп, қол ұшын созды.

Ғабит Хакімұлы Сәтмағамбетов «Алтын алқа» иегеріне «Bronx» тұрғын үй кешенінен төрт бөлмелі пәтер мен 3 000 000 теңге көлемінде алғашқы үй жөндеуге арналған сертификатты көмек ретінде сыйлайды. Бақыттан басы айналған ана бұл қуанышқа алғашында сенер-сенбесін білмей, абдырап қалса да, кейін көзіне жас алып, шексіз ризашылығын білдірген.

Мұндай жағдайда жүрген қанша жан бар. Тағдыр тауқыметі мен өмірдің ауыр тәлкегіне ұшыраған аналар мен отбасыларға жәрдем беріп, демеу көрсеткен тұлға, қуаныштан көзіне жас алған жандарға тек келешекте бар жақсылықты тілей отырып, жағдайларының түзеліп кетулеріне себепші.

Ғабит Хакімұлы қаламыздың әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне де атсалысып келеді. Биыл 10 қаңтарда өткен сайлаудың нәтижесі бойынша Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының VII шақырылымына Nur Otan партия­сы атынан депутат болып сайланды. Мәслихаттағы алқа боп шешілетін құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары ретінде де күрмеуі қиын мәселелерді шешуде сүбелі үлесін қосып келеді. Құрылыс саласының білікті маманы ретінде қаланың әсем де көз тартар ғимараттарының бой көтеруіне ­атсалысып жүр.

Nur Otan партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін жасалған «Жол картасындағы» елордамыздың тұрғын алаптарын дамыту бойынша өзінің тың ойларын ортаға салып, қала тұрғындарына жайлы жағдай жасау мәселесі де Ғабекеңнің күн тәртібінен түскен емес.

Ғабекеңнің сүйікті ісінің бірі – әлемді аралау. «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» демекші, бас кейіпкеріміз сан қырлы таңғажайып тұлға, өзінің дүние­танымын үнемі кеңейтіп, байытып отырады. Жиһанкез әлемнің 70-ке жуық алыс экзотикалық елдерінде болды.

Бұл сапарлардың нәтижесі мен пайдасы зор екенін атап өтуімізге болады. Себебі Ғабит Хакімұлы шетелдік іскерлік серіктестерімен кездесіп, инклюзивті қалалық кеңістік құруға бағытталған құрылысты реттеудің шетелдік тәжірибесімен танысып, олардың инновациялық технологиялары мен тәжірибесін елімізде, яғни құрылыс жобаларында қолданады.

Біздің кейіпкеріміздің алдағы уақытта көптеген керемет және батыл жобалары бар. Ғабит Хакімұлы өз уақытының әр секундын бағалайды. Оның жұмыс күні өте тығыз болғанмен, орасан зор еңбегі мыңдаған адамдарға пайдасы тиетін ғажап жанға таңдану керек.

Қазіргі уақытта өндірістік қуаты жылына 120 миллион дана керамикалық кірпіш шығаратын кірпіш зауытының құрылысы толық қарқынмен сәтті басталды. Сондай-ақ неміс серіктестерімен жасалған келісімшартқа сәйкес, темірбетон бұйымдары зауытының құрылысы бастау алды. Соның арқасында елімізде еуропалық сападағы құрылыс материалдарының өзіндік өндірісі құрылады.

Әрбір жеке жоба – аймақтың инфрақұрылымын дамытуға, жеке инвестицияларды тартуға қосқан үлесі ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Осы жобаларды іске асырудың арқасында еліміздің құрылыс саласындағы ­импортты алмастыру бағыты одан әрі дами түседі.

Ерте заманнан бастап бүгінге дейін қазақ халқы бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Баланың дүниеге келуі – үлкен қуаныш және әртүрлі салт-дәстүрмен, ырымдармен бірге жүрген. Қазақ халқының арасында маңызды рәсімдердің біріне тұсаукесер жатады. Бұл – болашақта өмір жолы жеңіл, жарқын және бақытты тағдыр күтіп тұруы үшін баланың аяғындағы ала жіпті кесіп, алғашқы қадамдарына тәнті болу.

Ғабит Хакімұлына көптеген достары, таныстары және бейтаныс адамдар Нұр-Сұлтан қаласына басқа қалалардан арнайы келіп, өз балапандарына «тұсау кесу» рәсімін өткізеді. Олар бұл маңызды және жауапты миссияны, баланың бауын кесуді Ғабит Хакімұлына сеніп тапсырады. Өйткені біздің бас кейіпкеріміз – табысты, іскер, жігерлі, мейірімді, ең жағымды қасиет­тері мен үлкен өмірлік жетістіктері бар адам. Баланың ата-анасы мен туыс-жекжаттары нәрестенің болашақ жолы да солай бақытты болатынына сеніп, кейіпкерімізге ұқсас болу үшін ырымдап келеді.

Ғабит Хакімұлы өмірде жоғары білікті маман, менеджер және қоғам белсендісі ретінде ғана емес, сонымен қатар үлгілі отағасы мен қамқор әке ретінде де орны ерекше. Батыл, мықты, мейірімді, қамқор, мұқият ол екі ұлы мен сүйікті қызы үшін жанын беруге дайын. Қанаты мықты бүркіт тәрізді ол өсіп келе жатқан балапандарын қорғайды. Олар – оның махаббаты мен мақтанышы, оның жалғасы.

«Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес» дейтін қазақ халқының ежелден келе жатқан мақалының астарына мән беріп үңілсек, байлықты мұрат ретінде санамаған, оны тек басқаларға көмек қолын созатын мүмкіндік есебінде көретін ерекше тұлғаның бірі – Ғабит Хакімұлы Сәтмағамбетов.

«Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деп ақиық ақын Ілияс Жансүгіров жырлағандай, біздің мақсатымыз – осындай игі істерді, жақсылықты жария ету.

Ғабит Хакімұлы Сәтмағамбетовтің игі істері жалғасуда, алда әлі талай атқарылатын іс тұр. Біз Ғабекеңе сәттілік тілейміз!

 Ерболат ИСАҚОВ,

Nur Otan партиясы Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық

филиалы төрағасының бірінші орынбасары

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button