Басты ақпарат

Астананың даму бағдары талқыланды

-ТОО-Астанагенплан,-18.06

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институтында болып, елорданың алдағы даму бағдарын талқылады.

Akorda.kz хабарлағандай, Мемлекет басшысына Астана қаласының 2030 жылға дейінгі бас жоспарына енгізілген түзетулер мен астаналық агломерацияны қалыптастыру жобасы жөнінде және елорданың жаңа көлік жүйесін құру барысы баяндалды.
Бұған қоса, жиында Орынбор көшесін, жаңа теміржол вокзалын салу тұжырымдамасы мен «Нұрлы жол» бульварының екінші кезегінің жобасы туралы айтылды.
БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы елорданың құрылысы іс жүзінде 10 жыл ішінде жүзеге асқанын атап өтті.
– Қалаға қажеттінің бәрі 2008 жылға дейін салынды. Оcыдан кейінгі кезеңде Астананың дамуы жеке инвесторлардың қатысуымен жалғасты. Қазіргі кезде жан басына шаққандағы ең көп инвестиция елордаға тиесілі. Астананың ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі жыл сайын өсіп келеді. Бүгінде елорда – барша қазақстандықтардың мақтанышы. Халқының саны 900 мың адамға жетті. Бұрын мұны болжаудың өзі қиын болатын. Қала еліміздің шын мәніндегі әкімшілік, мәдени, іскерлік, білім және медицина орталығына айналды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Астананы салу және абаттандыру жұмыстары әрі қарай жалғасатынын жеткізді.
– Қандай кемшіліктер бар екенін, соның ішінде көліктер тұрағына байланысты мәселелер бар екенін жақсы білеміз. Оның бәрі міндетті түрде шешіледі. Таяудағы мол жауын су сорғы кәріздеріне қатысты түйткілдердің бар екенін көрсетті. Онымен де жұмыс жүргізу қажет. Сонымен қатар, балабақшалар мен мектептер салу жайына да назар аудару керек. Қаланың әрі қарай даму келешегі ЭКСПО-2017 аумағы мен оның айналасындағы көшелер құрылысын, Сулы-жасыл желекті бульварды абаттандыру, жаңа саябақтар, соның ішінде 100 гектар аумақта Ботаникалық бақ салу жоспарын қамтиды. Бұл жұмыстардың барлығы еліміздің тура орталығында бой көтеріп, мүлде жаңа мегаполистің қалыптасуына негіз қалайды Мұның бәрі қазақстандықтардың игілігіне қызмет ететін болады, – деді Мемлекет басшысы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button