Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астананың дамуы: мақсаттар мен міндеттер

Астана қаласы мәслихатының осы жылдың соңғы кезектен тыс сессиясында Астана қаласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясы жобасы таныстырылды. Сондай-ақ «Астана кәсіпкерлігі» атты 2023-2027 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бекітілді. Жиынға қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов қатысты.

Стратегия жобасымен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев таныстырды.

– Елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы елорданы дамыту стратегия­сын креативті, жайлы және таза қала қағидаттарына негіздеп, өзектендіруді тапсырды. Соңғы жылдары Астана қаласы өзінің экономикалық моделін инвестиция тарту және жаңа салаларды дамыту үшін барлық мүмкін болатын шараларды іске асыру арқылы белсенді түрде жетілдіруде. Жалпы елорда экономикасының құрылымын жетілдіру жоғары технологиялық салаларды, туризмді және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Қабылданған іс-шаралар жаңа жұмыс орындарын ашуға, ин­вестиция тартуға және Астана қаласын халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. Соңғы 5 жылда Астана қаласының халық санының қарқынды өсуі байқалады. Осы мерзімде халық саны 276 мың адамға артты. Осы жылдың 10 айы ішінде елорда халқының саны 55 мың адамға өсті. Халық санының қарқынды өсуі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымға салмақ түсіретінін өздеріңіз білесіздер, – деді Қайсар Маңқараев.

Оның айтуынша, стратегияның негізгі мақсатының бірі – елорда тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы және қолайлы қалалық ортаны құру. Сол үшін 2024-2026 жылдары 245 инфрақұрылым жобасын іске асыру жоспарланған. Соның ішінде жол-көлік, инженерлік-коммуникациялық, тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымдар салаларында 79 басым жоба белгіленді.

Қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжановтың айтуынша, «Астана кәсіпкерлігі» бағдарламасы елордада шағын және орта кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, сауданы және туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында әзірленді. Негізгі басымдықтары – кәсіпкерлікті ынталандыру, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, әкімшілік кедергілерді азайту, шағын және орта бизнес инфрақұрылымын дамыту, кәсіпкерлерді сүйемелдеу. Бұл басымдықтар үш бағытта жүзеге асырылады. Атап айтқанда, қаржылық қолдау, инфрақұрылымдық қолдау және қаржылық емес қолдау жолымен іске асады.

Бағдарлама аясында шағын өнеркәсіп аймақтарына қатысушылар, стартап жобалар, ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың бизнес-идеялары қаржыландырылады. Бұл үшін «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жанынан жауапкершілігі шектеулі серіктестігі түріндегі микроқаржы ұйымы құрылады. Бұған қоса, сауда және қызмет көрсету салаларындағы (мейрамханалар, дәмханалар, дүкендер, т. б.) кәсіпкерлерге несиелер беріледі. Соның ішінде елорданың дизайн-кодына сәйкес бизнес нысандарын бірыңғай сәулет стиліне келтіру мақсаты да қойылды. Несиелер 20 АЕК-ке дейінгі көлемде, 7 пайызға дейінгі өсіммен 7 жылға беріледі.

Бұл бағдарламада мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалар секілді халыққа қажет әлеуметтік нысандарды салу ескерілген. Осы жұмыс жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Ал инфрақұрылымдық қолдау көше саудасын жүргізу үшін павильондарды орналастыру, ауыл шаруашылығы және тақырыптық жәрмеңкелерді ұйымдас­тыру, электронды сауда алаңдарын, шағын өнеркәсіп аймақтарын құру жолымен жүзеге асады.

Сондай-ақ Халел Әкімжанов биылғы 31 желтоқсанда такси қызметі бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартының мерзімі аяқталатынын жеткізді. Оның қорытындысында 256 млн теңге үнемделді. Жаңа шартта такси көлігінің жалпы саны 100-ге жететіні, оның 36-сы электромобиль болатыны, жыл сайын электромобильдер санын арттыру жоспарланып отырғаны, жүргізушілердің жалақысы 250-300 мың теңгеге көтерілетіні айтылды.

Биыл «Сайлау туралы» заңға сәйкес 2019 жылы сайланған Астана қаласының аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің өкілеті тоқтатылады. Сессия барысында саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсынысы негізінде осы комиссиялардың жаңа құрамы сайланды. Тиісті баяндаманы Астана қаласының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларын сайлау жөніндегі уақытша комиссия төрайымы Алтыншаш Табулдина жасады.

Астанада бейбіт жиналыстарды ұйым­дастыратын және өткізетін арнайы орындар туралы шешіміне өзгерістер енгізілді. Бұрыннан бар орындарға тағы 1 орын қосылды. Сонымен, барлығы 5 орын болды. Бұл – Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылы мен А.Пушкин көшесі қиылысындағы саябақ, Сарыарқа даңғылындағы саябақ, Астаналық цирк жанындағы алаң, «Жерұйық» саябағы және «Қаламгерлер» аллеясы. Бұл туралы қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов баяндады.

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб елордада тұрғын үй көмегінің көлемі мен оны беру тәртібіне өзгерістер енгізілгенін баяндап, оның жайын түсіндірді. Қалалық Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясының басшысы Әнуар Саипов мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын жер телімдері тізімімен және бұл телімдерде құрылысы жүргізілетін нысандармен таныстырды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button