Мәдениет

АСТАНАНЫҢ МӘДЕНИ АЙШЫҒЫ

Жалпы, елорда мәдени шаралардан кенде емес. Күнде болмаса да күн аралатып думанды, рухани шаралардан демалып, жайланып қайтатын жұрттың көңілінен-ақ ұғасыз мұны! Десе де, биыл елорданың мәдениет саласында нендей елеулі оқиғалар, екшеулі табыстар болды. Жылжып бара жатқан жылан жылында осыған аз-кем шолу жасадық.

 

 [wppa type=»slideonly» album=»22″ size=»auto»][/wppa]

Жастар сарайы жаңарады

Ресми мәліметке сенсек, Астана қаласы Мәдениет басқармасына жетпіске жуық мекеме мен кәсіпорын қарайды екен. Мамандар материалдық тарихи-мәдени құндылықтарды тұрақты мерзімдік тексеруден өткізіп тұрады. Бұл шараның қорытындысы қағазға қатталып қалмай, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі қалалық комиссия отырысында талқыланды.

Мұражай жәдігерлерін қалпына келтіру жұмыстары да үнемі жалғасын табуда. Дәл қазіргі кезде Республика даңғылының бойындағы байырғы нысандардың бірі – Жастар сарайының сәулеті мен құрылысын жаңғыртуға дайындық шаралары жүруде. ХІХ ғасырдың соңында іргесі қаланған мұсылман мектебінің ғимараты да басқарма назарына ілініпті. Алдағы екі жылда тарихи нысан жаңаша реңкке енеді деп сендіреді мәдениет мамандары.

 «ИКОМ Қазақстан» игілігімізді еселейді

Елорданың мұражайлары жылан жылында 2844 шара ұйымдастырыпты. Оларды 342 мыңға тарта көрермен тамашалаған. Мұражай демекші, биылғы жаз біздің мәдениетке үлкен серпін әкелгенін тағы айтып мақтансақ, айып болмас. Маусым айында күллі қазақтың даласын ат шаптырым аумағына сыйдырған «Атамекен» этно-мемориалдық кешенінде «ИКОМ Қазақстан» халықаралық мұражайлар комитеті құрылды. Жоба аясында ел мұражайлары ұжымдарына әлемдегі әріптестерімен қойын-қолтық жұмыс істеуге жол ашылды. Ал мұндай қарым-қатынас осы саладағы әлеуетіміз бен жетістігімізді еселей беретініне сенім мол.

 Он тоғыз премьера пердесін түрді

Әңгіме бағытын бәрімізге таныс Мемлекеттік филармонияның сахнасына бұрсақ. Биыл ондағы көркемөнерпаздар 451 концерт қойып, еліміздің сегіз аймағына, жеті рет шет мемлекетке гастрольдік сапармен шығып қайтыпты. Ал, былтыр ғана академиялық мәртебе алған Қаллеки театрының ұжымы сегіз премьераның тұсауын кесті. Тізбелей салуда қиын емес: «Күн сәулесі түспеген», «Қыз Жібек», «Таңғажайып планета», «Бір кем дүние», «Үкілі жұлдыз», «Абылай ханның арманы», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Үміт»… Өйткені, атын атасақ болғаны, бәрі де күні кешегідей көз алдымызға орала береді.

Максим Горький атындағы академиялық Орыс драма театры да бес қойылымының премьерасын өткізді. «Жастар» театры екі премьерасымен есімізде қалыпты. Алғашқысы – 10 наурызда өткен «Көк пен жердің арасы» қойылымы болса, кейінгісі – жуырда ғана таныстырылған «Асауға тұсау». «Наз» театры жылдың басында алғаш рет «Мың бір түн» ертегісін қойған болатын. Қуыршақ театрының әртістері де «Мен сияқты жаса», «Маугли», «Ана құдыреті», «Арыс­тан патша» сынды спектакльдерін сахналап, шығармашылық ізденісте екендіктерін байқатты. Айтпақшы, осы жылы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Жерұйық» рок-операсының премьерасын тың бетбұрыс дей аламыз. Жалпы санға жүгінсек, елорда театрларда жыл басынан бері 896 спектакль, оның ішінде 19 премьера өткізсе, оларды 260 мың көрермен тамашалапты.

«EXPO»-ға дайындық – іргелі істің бастауы

2013 жылы Астананың мәдени ұжымдары Франция, Италия, Түркия, Ресей, Украина қалаларында өз өнерлерін паш етті. Денис Мацуевтің қолдауымен өткен «Astana Piano Passion», «Азия жаңғырығы» цирк өнерінің халықаралық фестивальдері, Сергей Безруковтың «Сирано де Бержерак» спектаклі, Астанадағы Санкт-Петербург қаласының мәдениет күндері, ресейлік «Современник» театрының «Три сестры», «С наступающим …», «История любви» спектакльдері, франциялық Лилль ұлттық оркестрінің, Оңтүстік Кореяның «Maestri» ерлер хорының концерттері мәдени аралас-құраластыққа тұйық емес екенімізді білдірсе керек.

Мәдениет басқармасы басшылығы ұсынған құжаттағы «Бүгінде 2017 жылы елордада өтетін халықаралық «EXPO» көрмесіне орай үлкен жұмыстар атқарылуда» деген жолдар да салада іргелі істің басталғанын растайды.

 

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button